Токио-2020: Олимпиаданың ашылу салтанатында наразылық шарасы өтті

Жапония астанасында әлем тағатсыздана күткен жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті.

Жер жаһанда коронавирус таралған сәтте ұйымдастырылған салтанат тарихта ең көп есте қалатын шара болайын деп тұр. Бір жыл кейінге шегеріліп барып ашылған салтанат жанкүйерлерсіз өтті.

Токиодағы жазғы олимпиада ойындарыының ашылу салтанаты Жапония астанасындағы ұлттық стадионда ұйымдастырылды. Бір айта кетері араға жыл салып барып ұйымдастырылған ауқымды шара 80 мың адамға арналған стадионда жанкүйерсіз өтті. Салтанатты 950 ресми өкіл ғана тамашалады. 

Алдымен алаңда Жапония туы желбіреп, күн шығыс елінің әнұраны орындалды. Ал басты қойылым індет пен дүниежүзіндегі денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс және 2011 жылғы Жапониядағы жойқын жер сілкінісін бейнеледі. Осыдан кейін атлеттердің дәстүрлі шеруі өтті. Әр ел жапон әліпбиі бойынша шықты. Бірінші болып Грекия құрамасының спортшылары сап түзеді. Токио олимпиадасының бір ерекшелігі алғаш рет әр қатысушы елдің туын ер және әйел адам қатар алып шықты. Ал Қазақстанның көк байрағын жеңіл атлеттен олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев желбіретті.

Стадион жанкүйрсіз болғанымен стадионның сыртына жиналған халық көп. Тұрғындар стадионға кіріп спортшыларға қолдау білдіре алмағанына қынжылыс білдіріп жатты. 

Жанкүйер:

– Егер стадионға көрермендер кіргенде спортшыларға қолдау күшті болар ма еді. Мысалы «Алға, Қытай» деп айғаласа еліміздің спортшылары қалай рухтанар еді. Бірақ атлеттеріміз барлық күшін салып жақсы өнер көрсетеді деп сенемін.

Коронавирус демекші салтанатты ашылу кезінде наразылық шарасы да өтті. Бір топ белсенді стадион маңына жиналып, індет кезінде олимпиада ойындарын өткізуге қарсылығын білдірді. 

Мари Сколара, шеруші:

Мен олимпиада ойындарына үзілді кесілді қарсымын. Себебі дельта штамы тарап әлем әбігерге түсіп жатқанда мұндай шараны өткізу ақылға қонымсыз.

Бірақ шараны ұйымдастырушылар барлық сақтық қарастырылғанын айтады. Көптеген шектеулерге қарамастан Токиодағы өзге ойындардан кем болмайын деп тұр. Тіпті спорт сайыстарына карате, бейсбол, серфинг, жартасқа өрмелеу, софтбол сынды жаңа бес сайыс түрі енгізілген. Ал жанкүйерлер спортшыларды онлайн қолдауы үшін барлық жағдай жасалған.

Авторы: Дәурен Ақашұлы