Токио 2020: Босқындар құрамасындағы спортшылардың оқиғасы

Өткен Риодағы Олимпиада ойындарында алғаш рет жарыс жолына босқындар құрамасы шығып, бақ сынаған еді. Әр түрлі себептермен басқа елде бас сауғалауға мәжбүр болған 10 ғана спортшыны көбі елемеген де. Бірақ бұл жолы Токио төріне келген қашқын спортшылардың саны үш есе көп, деп хабарлайды Рrosports.kz.

Босқындар құрамасында отанынан саяси, әлеуметтік не өзге себептермен қашуға мәжбүр болған спортшылар қосылған. Мысалы, Иран елінің дзюдошысы Джавад Маджуб нәсілдік қысымға ұшыраған. Ол 2012 жылы Олимпиада ойындарына жолдама алған. Алайда бірінші айналымда Израиль спортшысы Арика Зеевиге қарсы түскендіктен жарысқа бармады. 

Бұрыннан келе жатқан екі ел арасындағы саяси және діни қақтығыстардың салдарынан Иран спортшыларына Израиль тұрғындарымен жарысуға тыйым салынған. Спорт министрі Мұхаммед Аббасидің айтуынша, «сионистермен жарыспау – Иран халқы мен спортшыларының мақтан тұтатын себебі және құндылығының бірі». Осының салдарынан Джаваданы елінен шығармады. Бұл бір мәрте болған жағдай емес, бірнеше рет қайталанған соң спортшының шыдамы тауысылып, Канадаға қоныс аударды.

Ауған қызы Нигара Шахинның оқиғасы мүлдем ерекше. Ол дзюдомен шұғылдану үшін елінен кеткен. Ауғанстанда қыздарға кез келген дене мүшелері жанасатын спорт түрлерімен айналысуға тыйым салынған. Нигара Шахин тәуекелге бел буып, Ресейге қоныс аударған. 

Юсра Мардини есімді сириялық спортшы өлім мен өмір арасында арпалысқан. Сириядағы тоқтаусыз соғыстан қашқан ол әпкесімен Грекияға жол тартады. Жеті адамға арналған қайыққа 20 жолаушы отырған соң жарты жолда суға бата бастаған. Сонша адамның ішінде тек Юсра мен әпкесі ғана жүзуді білген. Сондықтан олар қайықты үш сағат бойы жағаға итерген. 

Кішкене ғана Эритрея елінің марафоншысы Тахловини Габриэсос өміріне қауіп төнгендіктен тез арада басқа елге қашқан. Ол кезде 12 жаста болған бүлдіршін Судан мен Мысырдың шөлін басып өтіп, Израильге жеткен. 

Босқындар құрамасындағы әр спортшының айтар оқиғасы бар. Әрқайсысының өмір жолы ерекше. Бастапқыда көбі қарсы келген босқындар құрамасы қазір Олимпиада ойындарының ажырамас бөлігіне айналып келе жатыр. Тіпті, құраманың әнұраны мен туы бар. 

Сондай-ақ...