Токиодағы дау: телетрансляция қайығы триатлоншыларды басып кете жаздады (видео)

Токио олимпиадасында триатлоннан ерлер арасында өтуі тиіс жарыс кезінде келеңсіз оқиға болды, деп хабарлайды «Хабар 24» segodnya.ua сайтына сілтеме жасай отырып.

Телетрансляция қайығы спортшылар тұрған сөре көпіріне тым жақын келіп, салдарынан триатлоншылардың бір бөлігі жарысты өз уақытында бастай алмай қалды.

Ал артқа қарай жүзген кезде суға түсіп үлгерген атлеттерді басып кете жаздады.

Абырой болғанда, жарақат алғандар жоқ.

Оқиғаға байланысты жарыс басталған соң араға 13 секунд салып фальстарт жарияланды. Бірақ ысқырықты естімей қалған кейбір триатлоншылар әрі қарай жүзіп кете берген.  

Олардың соңынан қайық жөнелтілген. Сол аралықта спортшылардың алды 200 метр жүзіп үлгерген екен.

Нәтижесінде рестарт жарияланды. Мұндай жағдай триатлоннан Олимпиада тарихында тұңғыш рет тіркеліп отыр.

Жарыс қайта жалғасқан соң, спортшылар 1,5 км жүзіп, 40 км велосипедпен жүріп, тағы 10 км жүгіріп өткен. Мәре сызығын алғаш болып кескен норвегиялық Кристиан Блюменфельд (1 сағат 45 минут 4 секунд) өз еліне Токионың алғашқы алтынын сыйлады.

Екінші орынға жеңімпаздан 11 секундқа қалыс қалған британиялық Алекс Йи жайғасса, үздік үштікті жаңазеландиялық Хэйден Уайлд түйіндеді. Ол бірінші орындағы атлеттен 20 секундқа қалыс қалған.

Суреттер Reuters-тен алынды

 

Сондай-ақ:

Олимпиада ойындары тарихында болған атышулы 5 жанжал

Токио-2020: Олимпиада ойындары басталмай жатып, жанжал шықты