Токио-2020: Олимпиада ойындарындағы антирекорд

Қазақсандық теннисшілер олимпиаданың антирекордын тіркеді.

Естеріңізде болса, 3 бірдей спортшымыз жарысты жалғастырудан бас тартқан еді. Атап айтқанда, Зарина Дияс алғашқы айналымда бәсекені аяқасты тоқтатты. Одан кейін дәл осындай жағдайды Юлия Путинцева мен Ярослова Шведова қайталады. Бірі жарақатын, бірі күннің ыстығын желеу етті. Қалай болғанда да бұндай жағдай олимпиададағы теннис тарихында алғаш тіркелді. Бұған дейін екі не бір спортшы ғана жарысты жалғастыра алмаған деректер бар. Бұл жөнінде vesti.kz спорттық порталы хабарлайды. Өкініштісі сол, биыл үш бірдей теннисші ойынды жалғастырмады және үшеуі де қазақстандық спортшы.

Токио төрінде бокстан іріктеу жалғасып жатыр. Бүгін қазақстандық спортшылар екі салмақта алғашқы кездесулерін өткізеді. Атап айтқанда, 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – америкалық Деланте Джонсон.  Бұған дейін жастар арасында әлем чемпионы және панамерикалық ойындардың жүлдегері болып үлгерген. Қос мықты арасындағы айқас түстен кейін өтеді.

Айта кетейік, дәл осы салмаққа қазақстандық жанкүйерлер үлкен үміт артады. Өйткені, соңғы олимпиадаларда 69 келідегі боксшыларымыз тек қана алтын алып келе жатыр. Бұған қоса, 91 келідегі Василий Левит испаниялық Эммануэль Рейеспен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек елорда уақытымен 15:50-де басталуы керек. Левиттің кездесулеріне бокс сарапшыларының назары ерекше болмақ. Өйткені, көпшілік өткен Рио олимпиадасында болған жағдайды әлі ұмыта қойған жоқ.

БҮГІН  ЕЛ НАМЫСЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙДЫ?

Бүгін бокстан бөлек тағы 6 спорт түрінде жерлестеріміз жарыс алаңына шығады. Атап айтқанда, садақ ату бойынша Денис Ганкин жекелей сында бағын сынайды. Айта кетейік, күні кеше командалық сында қазақстандық спортшылар алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Артынша отандық телеарналардан Дидар Хамзаның жекпе-жегін тамашалай аламыз. 81 келіге дейінгілер арасында ол моңғолиялық Саид Моллаимен белдеседі. Түстен кейін олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жетістігін қайталауға тырысады. Ол өзінің ыңғайына келетін 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысына қатысады. Бұған қоса, қазақстандық спортшылар, теннис, таэквондо және су добынан іріктеу сындарына шығады.

 

ТОКИО-2020: 13 ЖАСТАҒЫ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ

13 жасар жапон қызы олимпиада чемпионы атанды. Биыл жазғы ойындар бағдарламасына алғаш рет скейтбординг қосылған еді. Бұл сында Жапония атынан Момидзи Нисия шықты. Ол финалдық сында 15,25 ұпай жинап, бірінші орын алды. Осылайша олимпиада тарихында алтын алған екінші ең жас спортшы атанды. Алғашқысы – америкалық Марджори Гестринг. Ол 1936 жылы суға секіруден алдына жан салмады. Ол кезде  Марджори де 13 жаста еді. Скейтбординг бойынша екінші орынды бразилиялық Раисса Леал алса, үздік үштікті тағы бір жапондық Фуна Накаяма түйіндеді.

ТОКИО-2020: ЖАЛПЫ МЕДАЛЬДЫҚ КӨРСЕТКІШ

Сонымен кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте 41-ші тұр. Қоржында үш қола. Ал топ басына 8 алтын алып үлгерген Жапония құрамасы жайғасты. Үздік үштікті АҚШ пен Қытай түйіндеп тұр.

Токиодағы бәсеке 8 тамызға дейін жалғасады.