423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы беретін елдер

  • 285
  • UPD: 16:19, 27.07.2021
Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы беретін елдер prosports.kz

Төрткүл дүние күтетін Олимпиада ойындарының чемпиондары елінде «батыр» атанып қана қоймай, қомақты қаржы алады. Prosports.kz Олимпиада чемпиондарына қай елде көп сыйақы беретінін анықтады.

Қазақстан Олимпиадада алтын алған спортшысына 250 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған. Біздің ел де – Олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшыларға қомақты ақшалай сыйақы тағайындайтын мемлекеттің бірі. Күміс алған спортшыға 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар беріледі. 

Спортшыны жаттықтырған бапкерге де осы сома беріледі. Оның 10 пайызын алғашқы жаттықтырушысы, 80 пайызын қазіргі бапкері, қалған 10 пайызын ұлттық құраманың бас бапкері алады. Бұдан бөлек облыс, қала әкімдіктері де жүлде алған спортшыларға пәтер мен көлік береді.

Бұрынғы КСРО елдерінің арасында Қазақстан сыйақы мөлшері жағынан тек Грузиядан қалып тұр. Олимпиада алтынын алған грузин спортшылары 322 мың доллар шамасында сыйақы алады. Әзербайжан елі де спортшыларының жетістігі үшін қомақты қаржы бөлген. Қазақстан секілді Әзербайжан үкіметі Олимпиада чемпионына 248 мың доллар шамасында сыйақы тағайындаған.

Өзбек спортшылары алтын алса қалтасын 200 мың долларға қалыңдатады. Алғашқы бестікті түйіндеп тұрған Молдова елінде Олимпиада чемпиондарына 166 мың доллар ақша береді екен. 

ТМД елдері мен КСРО құрамында болған елдер арасында Олимпиада чемпиондарына ең көп сыйақы беретіндер:

  1. Грузия – $322 мың;
  2. Қазақстан – $250 мың;
  3. Әзербайжан – $248 мың;
  4. Өзбекстан – $200 мың;
  5. Молдова – $166 мың;
  6. Литва – $136 мың;
  7. Беларусь – $129 мың;
  8. Украина – $125 мың;
  9. Қырғызстан – $119 мың;
  10. Ресей – $54 мың;

Биыл Сингапур елі Олимпиада чемпионына берілетін сыйақы мөлшері жағынан әлемнің алдына шықты. Бұл елде алтын медаль иегерлері 1 миллион доллар сыйақы алады. Күміске 500 мың, ал қолаға 250 мың доллар беріледі.

Сыйақы мөлшері жағынан екінші орында - Индонезия тұр. Олимпиада чемпионы қалтасына 745 мың долларды басады. Бірақ бір ескеретін жайт, аталған елдерде сыйақы бірден берілмейді. Бүкіл сома алдағы 10-20 жылда бөлініп төленеді екен. 

Еуропа елдері арасында 166 мың доллар сыйақы беретін Италия алда тұр. Венгрия 40 мың долларға кем тағайындаған. Африкада ең бай ел саналатын Оңтүстік Африка Республикасы Олимпиада чемпионы атанғандарға 40 мың доллар шамасында сыйақы белгілеген. 

Әлем бойынша Олимпиада чемпионына ең көп сыйақы тағайындаған елдер:

  1. Сингапур – $1 млн;
  2. Индонезия – $745 мың;
  3. Грузия – $322 мың;
  4. Қазақстан – $250 мың;
  5. Әзербайжан – $248 мың;
  6. Өзбекстан – $200 мың
  7. Молдова – $166 мың.
  8. Италия – $166 мың.
Хабар 24 телеарнасы