Токио 2020: Баландин ертең жартылай финалда бақ сынайды

Енді осы Олимпиадаға қатысып жатқан сайыпқырандарымыз қандай нәтиже көрсетіп жатыр?

Соған келейік.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакин Олимпиада ойындарындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Ол хорватиялық Донна Векичтен 7-6, 6-4 есебімен басым түсті. Енді Рыбакина ширек финалда әлемнің тоғызыншы ракеткасы испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездеседі. Ал Дмитрий Баландин жүзуден Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Жалпы жерлестеріміз бүгін 7 спорт түрі бойынша сынға түскен.

Қазақстандық жүзуші Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Ол брасс әдісімен 200 метрді 2 минут 8 секундта жүзіп өтті. Сегіз спортшының ішінен төртінші болып мәреге жеткен Баландин жалпы есепте 7-ші орынға табан тіреді. Аталған жарыс түрі бойынша жартылай финалдар ертең, ал финал 29 шілдеде өтеді.

Бүгін ең алғаш болып жарысқа таэквондошылар араласты. Қыздар арасында ел намысын жалғыз Жансель Дениз қорғаған. Ол бірінші кездесуінде өзбекстандық спортшыны жеңді, алайда көп ұзамай Ұлыбритания өкіліне есе жіберді. Ерлер арасында Руслан Жапаров та алғашқы айналымды сәтті бастаған. Бірақ ширек финалда кореялық таэквондошыдан жеңілді.

Бүгін дзюдошылардың да жолы болмады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дидар Хамза алғашқы айналымда моңғолиялық спортшыдан ұтылды. Ал, садақ ату шеберлерінің сайысында қазақстандық Денис Ганькин жарыс жолынан шығып қалды. Жекелей сында италиялық спортшыға жол берді.

Спортта талай қазақтың бағын ашқан 69 келіде ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегінде есе жіберді. Ол америкалық Деланте Джонсонмен кездескен. Алғашқы раунд біздің боксшының басымдығымен аяқталды. Ал, қалған раундттарда қарсыласы жоғары ұпай алды. Ақыры төрешілер шешімімен Деланте Джонсон жеңімпаз атанды. Қорытынды есеп: 4:1. 91 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Василий Левит те елге қайтады. Ол Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері испаниялық Эммануэль Рейестен жеңіліп қалды.

Су добынан да қайран болмады. Бүгін қазақстандық спортшылар сербиялық қарсыластарынын 19:5 есебімен жеңілді. Ұлттық құрама Олимпиададағы алғашқы кездесуінде дәл осылай Хорватия командасына есе жіберген еді. Дегенмен, алда әлі топтық кезең аясындағы 3 ойын бар. 29 шілдеде жерлестеріміз Испания құрамасымен жолығады.

Теннисші Михаил Кукушкин де жарыс жолынан шығып қалды. 16/1 финалда ол Беларусь өкілі Илья Ивашкодан 6-7, 6-3,6-3 есебімен жеңілді.

Еске салайық, Олимпиада ойындарындағы алғашқы кездесуінде Кукушкин аргентиналық Федерико Кориадан екі сетте басым түскен.