425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Токио Олимпиадасында күтпеген нәтиже тіркелді

  • 301
  • UPD: 17:39, 28.07.2021
Токио Олимпиадасында күтпеген нәтиже тіркелді

Токио төріндегі тарих: екі елдің қоржынына тұңғыш алтын жүлде түсті, деп хабарлайды Хабар 24 Prosports.kz-ке сілтеме жасап.

Токио Олимпиадасында күтпеген нәтиже көп тіркеліп жатқаны белгілі. Бірақ соның ішінде екі алтынның орны ерекше.

Ауыр атлетикадан 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Хидилин Дияс Олимпиада чемпионы атанып, Филиппин елінің тарихындағы тұңғыш алтынға қол жеткізді. Бұған қоса ол 224 кг (жұлқа көтеруде 97 кг + серпе көтеруде 127 кг) бағындырып, Олимпиада рекордын жаңартты.

Жалпы, Филиппин елінің спортшылары қатысқан Олимпиадада 10 жүлде алған. Оның 3 күміс болса, қалған 7 қола. Ал Хидилин Дияс ел тарихында алғаш рет алтыннан алқа тағынды.

Зілтеміршінің Олимпиада алтынына жетуінің өзі бір тарих. Әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты ол Малайзия елінде қалып кеткен. Сондықтан үйде жаттығуға мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде су толы бөтелкемен дайындалған сәтінен видео да жариялаған. 

Триатлоннан әлемнің екі дүркін чемпионы Флора Даффи Олимпиадада топ жарып, Бермуд аралдары тарихындағы алғашқы алтынды әкелді. Ол 1,5 шақырым жүзу, 40 шақырымды велосипедпен жүріп өту және 10 шақырымға жүгіруден тұратын триатлон жарысын 1 сағат 55 минут 36 секундта бағындырған. Бермуд аралдарының Олимпиада ойындарындағы соңғы жүлдесін 1976 жылы боксшы Кларенс Хилл жеңіп алған. Бұдан кейін бұл елдің спортшылары жүлде ұтпаған. 

Токио төрінде Түрікменстан спортшысы жүлде алды. Зілтемірші Полина Гурьева тәуелсіз Түрікменстан тарихындағы тұңғыш жүлдені ұтты. 

Жалпы, Олимпиада ойындары тарихында 70 елдің спортшылары мүлдем жүлде алмаған, ал 39 мемлекеттің қоржынына алтын түспеген. Осылайша, Филиппин мен Бермуд аралдарын санамағанда алтын алмаған елдердің саны 109-ға дейін қысқарды.

Алтын алмаған елдердің тізімінде Исландия да бар. Олимпиадаға 20 мәрте қатысқанымен, тек екі күміс және екі қоланы қанағат тұтқан. 17 Олимпиадада бақ сынаған Лихтенштейн спортшылары бірде-бір мәрте жүлдегерлер қатанынан көрінбеген. 

Хабар 24 телеарнасы