Т.Еділов: Біздің боксшылардың көзінде от жоқ

Олимпиада ойындарында ең жоғары нәтиже көрсеткен бұрынғы бапкер Тұрсынғали Еділов: «боксшылардың әбден сілікпесі шыққан», дейді.

Оларды жыл бойы оқу-жаттығу жиындарымен зорықтырған. Бір бөлігі АҚШ-қа, екіншісі Кубаға кетті. Одан кейін көктемде Кисловодскіге барды. Жарыс жоқ, тек шет мемлекеттерде жаттығу жиындары өте берген соң балалар шаршаған. Көздерінде от қалмаған.

«Құлшынып тұрған ешкімді көрмедім», - деді. Бұл жөнінде спорт ардагері «Экспресс К» порталының тілшісіне хабарлады. Бұған қоса, автор одан жүлдеге қатысты болжамды да сұрады.

Тұрсынғали Еділов, Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері:

- Алтын туралы бірдеңе айту қиын. Бірақ жүлде болады деп ойлаймын. Қамшыбек Қоңқабаев пен Әбілхан Аманқұл қалды ғой. Осы екеуінен бірдеңе күтпесек... Қамшыбек финалға дейін өзбекпен кездеспейді. Кейде бақ болып жатады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген спортта да бар. Бағы жанса, алып қалар.