А.Жүсіпов: Сүрінбейтін тұяқ болмайды

Олимпиададағы жағдай қорқынышты түс сияқты. Бокстан 69 келіде ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов өткен кездесуге түсініктеме беріп, жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желідегі парақшасына қалдырған жазбада Абылайхан: «Сүрінбейтін тұяқ болмайды», дейді. Енді қателіктермен жұмыс жасап және осы тәжірибені пайдалана отырып, алда әлі біраз арманын жүзеге асырғысы келетінін айтты.

Еске сала кетейік, Абылайхан ең алғашқы кездесуінде америкалық Деланте Джонсонға есе жіберді.

Айта кетейік, бұл салмақта тәуелсіздік алған жылдардан бері жігіттер алтын медаль ғана әкеліп жүр. Яғни, Ермаған Ибраимов, Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев пен Данияр Елеусіновтардың жеңіс жолы осылайша үзілді.

Абылайхан Жүсіпов, Бокстан ұлттық құраманың мүшесі:

- Қиын қыстау кезеңде кімнің дос, кімнің қас екенін анық көруге болады. Арманымыз әлі де алда, сеніміміз берік, ниетіміз таза. Жеңілгенді жер көтереді. Бүгін бізді жақындарымыз, жанкүйерлеріміз, халқымыз шын қолдап отыр. Осы адамдарға алғысымыз шексіз, адалдығымыз мәңгі.