Әбілхан Аманқұл: Жігіттердің жеңілісінен кейін көңіл-күй түсіп қалды

Токио Олимпиадасында бокстан іріктеу кезеңінің жекпе-жектері жалғасып жатыр. 75 келіде алғашқы кездесуін сәтті өткізген Әбілхан Аманқұл Olympic.kz сайтына жекпе-жекті қорытындылап берді. 

«Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын болды. Жалпы, Олимпиадада жекпе-жектер оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. 

Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді. 

Әрине, құрамада кешегі жігіттердің жеңілісінен кейін көңіл-күй түсіп қалды. Не дегенімен олар фавориттер, мықты спортшылар. Бірақ, рингке шыққанда әркім өзі үшін шығады. Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды. Біз бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. 

Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды», - дейді боксшы Әбілхан Аманқұл. 

Токио 2020: Әбілхан Аманқұл ширек финалда