Карантин шарасын бұзған екі спортшы Олимпиададан шеттетілді

Грузияның екі дзюдошысы Олимпиада ойындарында COVID-шектеулерін бұзғаны үшін Токиодан кетті, деп хабарлайды Рrosports.kz.

Спортшылар Олимпиада қалашығының сыртына шығып, қаланы аралаған. Токио мұнарасының жанында жергілікті тұрғындармен фотоға түскен. Коронавирусқа байланысты шектеу шараларын бұзған спортшылар аккредитациясынан айырылып, еліне қайтарылды. 

Екі спортшының біреуі — Олимпиаданың күміс жүлдегері Важа Маргвелашвили. Ұйымдастырушы комитеттің өкілі Масанори Такая «сұмдық жағдай» болғанын айтып, спортшылар енді Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді. 

Олимпиада ережесіне сәйкес, спортшылар тек жарысқа не жаттығуға бара алады. Қалаға шығуға, ескертусіз жүруге болмайды. Ережені бұзғандарға ескерту жасалады, болмаса бірден аккредитациядан айырылады.