425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Токио-2020: әлемдік рекорд жаңарды

  • 263
  • UPD: 10:49, 02.08.2021
Токио-2020: әлемдік рекорд жаңарды

Үш қарғып секіруде әлемдік рекорд жаңарды.

Әйелдер арасындағы жарыста венесуелалық Юлимар Рохас 15,67 метрді бағындырды. Бұған дейін ең жоғарғы көрсеткіш 15,50 метр болатын. Оны 1995 жылғы әлем чемпионатында украиналық Инесса Кравец орнатты. Ал, енді араға 26 жыл салып жаңа нәтиже тіркелді. Осылайша Рохас олимпиада чемпионы атанса, үздік үштікті Португалия мен Испания спортшылары түйіндеді. Ал, еліміз атынан сынға түскен Ольга Рыпакова финалға шыға алмады. Ол іріктеу кезеңінде 13, 69 метрге секірді.

Айта кетейік, Рыпакова биыл ғана жүлдесіз қалып отыр. Осының алдындағы 3 олимпиадада алтын, күміс және қола жүлделер жеңіп алған болатын.

ТОКИО-2020: ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ШИРЕК ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ

Қазақстандық ескек есушілер ширек финалға шықты. Бүгін ең алғаш болып байдарка мен каноэда ескек есу бәсекелері басталды. Жұптық сында ел намысын Сергей және Тимофей Емеляновтар қорғаған. Олар бір шақырымдық жарыс жолын 3 минут 49 секундта бағындырды. Бұл жалпы есепте 4-ші сатыға тұрақтауға мүмкіндік берді. Ал, жартылай финалға алдыңғы 2 жұп өтеді. Енді ағайынды Емеляновтар ширек финалға қатысып, тағы да бақтарын сынайды. Ал, әйелдер арасындағы жекелей жарыста Қазақстан атынан Наталья Сергеева сынға түсіп жатыр. Ол алғашқы іріктеу нәтижесінде 4-ші сатыға тұрақтады. Бұнда да жартылай финалға тізім басындағы 2 спортшы өтеді. Ал төмендеу тұрған төртеуі ширек финалға шығады.

Айта кетейік, Сергеева 200 метрлік бәсекеде өнер көрсетуде.

ТОКИО-2020: БҮГІН ЕЛ НАМЫСЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙДЫ?  

Артынша жеңіл атлетика бойынша да сындар басталды. Жүгіруден әйелдер арасындағы 200 метрлік бәсекеге еліміз атынан Ольга Сафронова қатысқан. Ол аталған аралықты 23,64 секундта бағындырды. Сәйкесінше, жалпы есепте 6-шы сатыға тұрақтады. Ал, жартылай финалға алдыңғы 3 спортшы өтеді. Сондықтан, Сафронова жарысты жалғастырмайды. Бұған қоса, бүгін су спорт түрлерінен қазақстандық спортшылар өнер көрсетеді. Атап айтқанда, түстен кейін әртістік жүзу және су добы шеберлерінің бәсекесі басталады. Соңғысы Австралия құрамасысмен кездеседі. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы алдыңғы ойындардың барлығында қарсыластарына ірі есеппен есе жіберді.

Елсияр Қанағатов, Қазақстан делегациясының шеф-де-миссионы:

Тек қана бір өтініш біздің спортшыларымызды қолдау керек. Неге десеңіз, олардың осы олимпиадаға жолдама алғанының өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Жеңіліс спортта болады. Спортты жақсы түсінетіндер оны біледі. Мысалы, бокстан тек біздің команда емес, жақсы құрама команда өзбек командасы да ұтылыс тауып жатыр. Бізде әлі жетістіктер болады деп білеміз. Сондықтан қолдау сұраймыз.

ТОКИО-2020: ЖАЛПЫ МЕДАЛЬДЫҚ КӨРСЕТКІШ 

Сонымен кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте 68-ші тұр.  Қоржында үш қола. Ал, топ басына 24 алтын алып үлгерген Қытай құрамасы жайғасты. Үздік үштікті АҚШ пен Жапония түйіндеп тұр.Токиодағы бәсеке 8-ші тамызға дейін жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы