Токио 2020: Екатерина және Александра Немичтер 17-орыннан көрінді

Токио олимпиадасында үйлесімді жүзуден іріктеу жарысы басталды.

Еркін бағдарламада сынға түскен 22 жұптың арасында қазақстандық Екатерина және Александра Немичтер де бар. Біздің қыздар «Қыс» атты жаңа бағдарламамен өнер көрсетіп, 17-орыннан көрінді. Қазір аталған спорт әртістік жүзу деп аталады. Су спортындағы сайыстардың ішінде өнерге жақыны осы. Мұнда атлеттер музыка ырғағымен су ішінде билеп, үйлесімді қимыл көрсетуге тиіс. Еркін бағдарламадағы қазақстандық қыздардың өнері әлемдік деңгейдегі жұптардан кем түскен жоқ. Бірақ бұл спортта жүлде алу қиын. Еркін бағдарламадан кейін Ресей олимпиада командасының спортшылары топ бастады. Ертең әртістік жүзуден техникалық бағдарлама бойынша сайыстар жалғасады. Қазақстандық жұп осы сында сәтті өнер көрсетсе, финалға шығуға мүмкіндік алады. Александра мен Екатерина Немичтер 2016 жылы Рио де Жанейро олимпиадасына қатысып, жалпы есепте 15-орын алған еді. Бұл жолы үздік ондыққа енуге талпынары анық.