Алматыда халықаралық дәрежедегі спорт бассейндері жоқ

Алматыда балалардың су спортымен кәсіби түрде айналысуы үшін бірде-бір халықаралық стандартқа сай бассейн жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл - қаладағы спорт мектептері тәрбиеленушілерінің ата-аналарының жанайқайы. Олар Мәжіліс депутаты Ирина Смирноваға сауал жолдап, мәселені көтеруді сұраған. Расымен, 2 миллионға жуық тұрғыны бар Алматыда халықаралық талаптарға сай келетін бассейннің болмауы қалай?

Төбесі көгеріп, қабырғасының сылақтары құлаған, санитарлық жағдайы сын көтермейтін бұл бассейнде Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жаттығады дегенге сену қиын. Бірақ бұл шындық. Бассейн Республикалық туризм және спорт академиясына қарайды.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, екі миллионға жуық халқы бар мегаполисте заманауи талаптарға жауап беретін бір де бір бассейн жоқ.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бізде тереңдігі бір жарымнан екі метрге дейінгі бассейндер бар. Одан артық тереңдікте су хауызы жоқ. Сұранысқа ие, тиісті талаптарға аз да да болса сәйкес келетін бассейндер кеңес уақытында салынған. Солардың бірі - Дене шынықтыру және спорт институтындағы бассейннің жағдайы мүшкіл. Онда барып, шомылудың өзі жағымсыз. Іші тозып кеткен. Оқу орны жекешеленген, дегенмен ондағы бассейн тиісті дәрежеде сақталмаған.

Қаладағы барлық басқа спорттық бассейндер жекеменшіктің қарамағында. Бұл бағыттағы мамандандырылған мемлекеттік мекемелер әлдеқашан жалға беріледі. Әр бассейннің өзінің жаттықтырушысы бар. Бірақ депутат Смирнованың айтуынша, олар нәтиже көрсететін спортшы дайындамайды, тек суда жүзуді үйретеді. Оның өзінің бағасы аспандап кеткен. Белгілі бір мерзімге берілетін абономент 17 мың мен 40 мың теңгенің арасында.

Ирина Смирнова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Кәсіби түрдегі жаттығудың жоқтығын Олимпиададағы нәтиже көрсетіп отыр. Біздің су спортының өкілдері жүлделі орын тұрмақ, үздік ондыққа іліне алмады.

Қоғам белсендісі Ринат Хамидидің пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, мемлекеттік спорт мектептерінде жеке жаттығу базасы жоқ.

Ринат Хамиди, қоғам белсендісі:

– Синхронды жүзумен айналысу үшін 3 метрге дейінгі бассейн қажет. Секіргіштер үшін бассейннің тереңдігі 6 метр болуы тиіс. Бізде мұндай екі бассейн ғана бар. Оларда адам көп, біреуінің жағдайы мүшкіл. Кәсіби синхронды жүзумен айналысатын балалардың ата-аналары бассейндер үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр.

Дегенмен су спорты құрдымға кетті дегенге келіспеймін дейді жүзуден бас жаттықтырушы Николай Загриценко.

Николай Загриценко, жүзуден бас жаттықтырушы:

- Біз қалай жаттықтырсақ та, спортшыларымыз жеңімпаздар қатарында. Қазақстан чемпионатында команда бойынша және жастар ойындарында чемпион атандық. Сондықтан спорттық жүзу бойынша, әзірге бәрі жақсы. Талдықорғанда үлкен бассейн салынды. Ақтөбеде бар. Қарағанды мен Қостанайда салынып жатыр. Алматыда 50 метрлік бассейн салып беруін күтудеміз.

Жаттықтырушының айтуынша, Қазақстанның жүзу спорты қазір басқа да салалар сияқты қиын кезеңді бастан өткеруде. Пандемия жаттығу жүйесін бұзды, қаржы жетіспеушілігі сезіледі. Өтпелі кезең аяқталса, спорттағы жеңістің ауылы алыс емес дейді ол.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев, Эдуард Кон

Сондай-ақ...