Қазақстан Олимпиаданы трансляциялауға қанша ақша жұмсады

Қазақстанның Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Токиодағы Олимпиада ойындарының трансляциясын ұйымдастыруға жұмсалған соманы мәлімдеді, деп хабарлайды Рrosports.kz.

Биыл ақпанда «Қазақстан РТРК» АҚ пен «Хабар» агенттігі Silver spring media мен Dentsu Inc. компаниясына 5,1 млн доллар сомасында келісімшарт жасау мүмкіндігін қарастыруды сұрап хат жолдаған.

«Алайда компаниялар бұл ұсынысты елемей, хатты жауапсыз қалдырды», - дейді министрлік.

Осыдан кейін келіссөздер жалғасын тапты, министрліктің мәліметінше, авторлық құқық иелері тек соңғы күні, Олимпиада басталар алдында бағаны төмендетуге келіскен.

«2021 жылдың 23 шілдесінде Токиодағы (Жапония) ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары мен Пекиндегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын трансляциялауға лицензиялық құқықтарды сатып алу туралы келісімге техникалық шығындарды қосқанда жалпы сомасы 6.25 млн доллар жұмсалды», - деп жауап берді министрлік.

Айта кетейік,Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы қоржынында әзірге төрт медальға бар. Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика) және құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев бокстан қола жүлде алды.