Токио-2020: Сәкенге қиянат қылды ма?

Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты.

Боксшы Сәкен Бибосынов қола жүлде еншіледі. Жартылай финалда британиялық қарсыласынан айласын асыра алмады. Жекпе-жектен соң спортшы журналистерге сұхбат берді. Жеке бапкері Мырзағали Айтжанов та пікір білдірді. Ол төрелік еткендердің тағы да бұра тартқанын айтып қалды.

Шаршы алаңның шаңын шығаруға беттеп келеді. Көгілдір экранға телмірген көпшілік осылай десті. Сәкеннің қарымы қатты еді. Басты қарсыласы болған француздың қалпағын қайырып жібергенде - осы жігіт алтын алады деп үміттендік. Тіпті, ширек финалда қолдан сабын ұқсап сусып жүрген испандықты сұлатып тастағанда сол сенім беки түскен. Бірақ жекпе-жек біз күткендей басталмады. 

Алғашқы раунда-ақ жерлесіміз ауыр соққы алды. Бірақ дереу ес жиып үлгерді. Сөйтіп, екінші раунда британдық боксшыға еш мүмкіндік бермеді. Адым аштырмай қойды. Таразы басы тең түсті. Үміт оты қайта маздап сала берді. Осы кезде бұқара демін ішке тартқан еді.

Сәкен намысқа тырысты. Аянған жоқ. Әлі келгенше алысты. Бірақ бағы жанбады. Жеңіс британдыққа бұйырды.

Иә, Сәкен ғана емес, біраз жанкүйер бүгін көзіне жас алды. Бокстан Қазақстан құрамасы бұған дейінгі олимпиада ойындарында дәл осындай нашар нәтиже көрсетпеген еді. Жекпе-жектен соң Сәкен журналистерге сұхбат беріп, елінен кешірім сұрады. Келесі Олимпиадаға қатысу бұйырса, қарымтасын аламын деп қалды.

Сәкенді баптаған Мырзағали Айтжанов та бұл жарыстың оңай соқпағанын айтты. Төрешілердің осыған дейінгі шешімдеріне көз жұмып келдік, ал бүгінгі ісі қазақ боксына жасалған қиянат деп қалды.

Олимпиадаға біздің елден тоғыз боксшы барған еді. Соның екеуі қоржынға қола салды. Қазақстан Олимпиада тарихында алғаш рет бокстан алтын жүлдесіз қалды.

Авторы: Дастан Сейілханұлы