Сметов спорттан кеткісі келе ме?

Олимпиаданың кезекті жарыс күні ескек есушілер бәсекесінен басталды. Әйелдер арасындағы 500 метрлік жұптық сынға еліміз атынан Маргарита Торлопова мене Светлана Усова қатысқан. Олар аталған аралықты 2 минут 9 секундта бағындырып, жалпы есепте 5-орынға жайғасты. Жарыс талабы бойынша жартылай финалға тізімнің басындағы қос жұп өтеді. Сондықтан жерлестеріміз келесі кезеңге шыға алмады. Бірақ тағы бір мүмкіндік бар. Маргарита мен Светлана ширек финалда бағын сынап көреді. Дәл осындай нәтижені ерлер арасында қазақстандық Сергей Емельяно қайталады. Яғни мың метрлік бәсекеде ол 5-сатыға тұрақтап, жартылай финалға шыға алмады. Енді ол да ширек финал арқылы тағы да мүмкіндігін сынап көреді.

Боксшыларға психологиялық қысым әсер етті. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев онлайн байланысқа шығып, жігіттердің жаппай жеңілу себебін түсіндірді.

Айтуынша, дайындық барысы жақсы өтті. Барлығы бабында болды. Бірақ Олимпиададағы психологиялық қысым өз кесірін тигізді дейді. Бас бапкер мықты боксшыларды елге қалдырып, жазғы ойындарға өз шәкірттерін алып кетті деген сынға да жауап берді.

«Осы қызметке келгеніме көп бола қоймады. Содан бергі Азия және Әлем чемпионаттарының нәтижесіне қарадық. Одан кейін ел ішінде әр салмақтың үздіктерін анықтадық. Сәйкесінше іріктеу әділ өтті дейді.

Ал спортшыларға жүктеме көп берілді, әбден зорықтырып жіберді деген пікірмен де келіспеді.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасында боксшыларымыз 2 қола жеңіп алды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже. 

Сметов үлкен спортта қала ма, жоқ па алдағы айларда белгілі болады. Олимпиададан кейін сәл тынығып, жарақатымды емдеп алайын. Одан кейін нақты тоқтамға келем дейді дзюдошы. Токиодағы бәсекеге де жарақтпен барғанын айтты. Бірақ, татамиге шыққанда барлығын ұмытып, алтын жүлде үшін ғана таласқан. Физикалық және психологиялық дайындыққа санитарлық талаптардың әсер еткенін айтты. Яғни күнделікті тест тапсыру, маска тағу, әзірлікті кестемен істеу сияқты шаралар әбден қажытады дейді. Соған қарамастан Елдос Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Өткен Рио Олимпиадасында күміс иеленген еді. Ал енді басты арманы Олимпиада алтынына қол соза ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Сонымен кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте жетпіс алтыншы тұр. Қоржында 7 қола. Ал топ басына 34 алтын алып үлгерген Қытай құрамасы жайғасты. Үздік үштікті АҚШ пен Жапония түйіндеп тұр. Токиодағы бәсеке 8 тамызға дейін жалғасады.