Токио Олимпиадасы ел спортының қазіргі ахуалынан хабар берді

Токио Олимпиадасының жөні бөлек. Карантиндегі кешенді сын бір жыл кешігіп өтті.

Қазақ елінің спортшылары әлемнің 200-ден аса мемлекетімен бірге бәсекеге түсіп, жүлде бөлісіне араласты. Әрине, биылғы додада Қазақстан Олимпиада құрамасы өте төмен нәтиже көрсетті. Алғаш рет атлеттеріміз бірде-бір алтын немесе күміс медаль алмады. Боксшыларымыз да тұңғыш рет бас жүлдесіз қайтты. Ел қоржынына 8 қола түсті. Қазақ елі бейресми жалпы командалық есепте 83-ші орыннан көрінді. Біздің спортшылар әдеттегідей бокс, күрес, дзюдо, карате, ауыр атлетикадан медаль алды. Өзге сайыстарда нәтижеміз тым төмен. Күншығыс еліндегі аламан ел спортының қазіргі ахуалынан хабар берді. Енді жауаптылар сәтсіздіктен қорытынды шығаруы тиіс.

Токиода АҚШ командасы медаль саны жөнінен топ жарды. Мұхиттың арғы бетінен келген спортшылар 39 алтынға қол созды. Жиыны 113 жүлде алған америкалықтар әлемдегі негізгі спорт алпауыты екенін дәлелдеді. 38 алтыны бар Қытай екінші орынға жайғасты. Жарыс қожайындары Жапония өзіндік рекордын жаңартып, жалпы командалық есепте үздік үшіктен көрінді. Күншығыс елінің қыз-жігіттері 58 медаль еншіледі. Оның 27-і алтын. Алғашқылар қатарында Ұлыбритания мен Ресей олимпиада командасы және Австралия бар. Нидерланд, Германия, Италия, Франция да алғашқы ондықтың қатарынан орын сайлады. Қош Токио, алда Париж Олимпиадасы.

Қазақстан спортының қола дәуірі. Қазір отандық ақпарат құралдары осындай тақырыпты жарыса жариялап жатыр. Өйткені Токио Олимпиадасында жерлестеріміз 8 бірдей қола жеңіп алды. Саны жағынан көрсеткіш жаман емес. Ал, сапа жағынан  жалпы есепте еліміздің жоғары көтерілуге мүмкіндік бермеді. Тізімдегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты көршілерден төмен тұрмыз.

Біткен іске сыншы көп дейді ғой. Қазір отандық спортты жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Бір жағынан оларды түсінуге де болады. Өйткені қазақ жанкүйерлері үміт күткен атлеттер бірінен соң бірі сүрініп жатты. Біреулері қолда тұрған мүмкіндікті жібере салды, басқалары жеңіске деген ұмтылыс танытпады. Әйтеуір, көпшілік ашулы. Жалпы жағдайдың осылай болары о бастан-ақ белгілі еді. Өйткені Қазақстан Олимпиада ойындарына 97 лицензия жеңіп алды. Ал, жоспар бойынша, 100-ден асуы керек. Себебі, соңғы жазғы ойындарға кемінде осынша спортшы апарып жүрміз. Сөйтіп, қысқасы, лицензиялық жоспарды орындай алмадық. Кейін оны басы-қасындағылар қалыптасқан жағдаймен және санитарлық талаптармен түсіндірді. Түсіндіргендей болды. Ал, енді Олимпиада ойындарында бәрібір былықтың беті ашылды.

Боксшылардан бастайық. Басқа-басқа, бірақ бұл спортқа бізде үлкен үміт артады. Жеңіс күтеді. Жүлде күтеді. Жүлде болғанда да алтын ғана. Алайда, биыл жігіттеріміз сенімді ақтай алмады. Басты фавориттеріміз алғашқы айналымдарда ұшты. Ақыры жартылай финалға 8 бокшымыздың 2-еуі ғана шықты. Бұндай жағдай тәуелсіздік алған жылдардан бері бір рет қана болған. Яғни, Бейжің Олимпиадасындағы антирекордты қайталадық. Ал, соңында екеуі де қола жүлдегер атанды. Яғни, бұл жолы қоржында алтын да жоқ, күміс те жоқ. Бұл ел тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.

Ғалымбек Кенжебаев, Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Негізі олар шаршамай келді бұнда. Көңіл-күйлері жақсы. Басында Токиоға келгенде жатығу жасап жүргенде барлығы жақсы болған. Енді әрине, бірінші жекпе-жектер өткеннен кейін көрдіңіз. Боксшылар ұтып жатты. Ұтылу басталғаннан кейін, біздің лидерлер ұтылғаннан кейін біраз психология жағынан қиын болды. Сосын өздері қалпына келді. Бірақ Олимпиадада оңай жекпе-жектер болмайды.

Есесіне, Олимпиаданың алғашқы күндері ауыр атлетика мен жапон жекпе-жегі өкілдері қуантты. Қай-қайсының да қоласы алтынға бергісіз. Ауыр атлеттердің жағдайын білесіз. Допинг дауларынан кейін қыз-жігіттерімізді кәдімгідей шектеп тастады. Мәселен, дәл осы Олимпиадаға 2 спортшы ғана апаруға рұқсат. Онда да оларды қайта-қайта тексерістің астына алды. Бітпейтін сынақтар, толассыз тесттер. Міне, Чиншанло мен Сонға физикалық дайындықтан бөлек, осындай үлкен психологиялық кедергілерден өтуге тура келді. Екеуі де фавориттер қатарында болмады, екеуі де жүлде алды. Дзюдодағы Елдос Сметовтың жетістігі де мақтауға тұрарлық. Өйткені ол жарақатына қарамастан керемет күресті. Қарсыластарын бірінен соң бірін алып ұрып жатты. Тек жартылай финалда жергілікті палуанға тап келгені болмаса. Әттең, финалға лайық белдесу еді. Бірақ өкінгеннен пайда жоқ. Елдос қола үшін күресте де жеңісті сенімді түрде жұлып алды.

Елдос Сметов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Енді бірінші Олимпиадада бұйырмай қалған алтын деп ат қою керек. Сол алтынға біз еңбек етіп, алтын үшін күрескен болатынбыз. Мақсатымыз алтын болған. Қолымнан келген барлық нәрсені жасадым. Бапкерлерімізбен, командамызбен, сол алтынға жол салдық. Бірақ бізге бұйырған нәрсе осы қола медаль болып тұр. Оған да шүкір. Енді қуанышты сезімдемін. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өйткені жүлдесіз қалғаннан гөрі жүлдемен, еліміздің абыройын көтерген мен үшін үлкен мәртебе.

Одан кейінгі қола күрестен келді. Күрес болғанда еркін күрес шебері Нұрислам Санаев үздік үштікке ілікті. Әрине, жерлесімізді құттықтаймыз. Бірақ бір ғана қола көпшіліктің көңілін көншітпеді.Грек-рим күресі бар, әйелдер күресі бар, тіпті осы еркін күресте тағы 2 палуанымыз қола үшін белдесті ғой. Неге нәтиже жоқ? Дайындық қайда? Жігер қайда? Осы палуандар Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, тіпті бер жағындағы Нұрбақыт, Ақжүрек, Гүзелдер салған жеңіс жолды жалғастырсын деп 2019 жылы елордада әлем чемпионатын қабылдадық. Дайындыққа барлық жағдай жасалды. Қаржыны аяған жоқ. Бірақ нәтиже осындай.

Елсияр Қанағатов, Қазақстан делегациясының шеф-де-миссионы:

- Кемшіліктерді міндетті түрде ауыстыруымыз керек. Оған федерация ең алдымен мұрындық болу керек. Федерациямен бірге біз сол мәселелерді шешуіміз керек. Күрес спорты халық жақсы көретін, бұрыннан тарихымыз бар, нәтижеміз бар сияқты. Сондықтан менің ойым, жергілікті жерлерде спорттық мектептерде, олимпиадалық орталықтарда интернаттарға ерекше көңіл бөліп, олардың бақылауын күшейту керек. Құрама командаға бізге дайын спортшылар келеді. Ал, енді оны қалай дайындап әкелді. Оның техникасын қалай қойды? Сондықтан менің айтайын дегенімн, ол проблеманы біз жүйелі түрде бірігіп шешуіміз керек.

Одан кейін каратэшілеріміздің еңбегі зор. Оны да ерекше атап өту керек. Бұл спорт түрі биыл Олимпиадаға алғаш рет қосылды. Сондықтан көп нәрсе түсініксіз болды. Соның өзінде Дархан Асаділов алтын алып, елді бір серпілте ме деген үміт болған. Өйткені ол әлемдік рейтингтің алдыңғы қаптарында тұр. Бірақ жерлесіміз жартылай финалда жеңіліп, қола жүлдегер атанды. Артынша дәл осындай жетістікке Софья Берульцева қол жеткізді. Осылайша, бас-аяғы 8 қоламен Токио олимпиадасын аяқтадық. Нәтиже нашар. Салыстармалы түрде нашар. Бір жағынан дұрыс та шығар. Осы арқылы отандық спорттың қазіргі әлеуеті байқалды. Кемшіліктер көрінді. Жүйеде олқылықтар барын салаға жауаптылар да мойындады. Енді елге орлағаннан кейін барлыған сараптап, нақты шешімдер қабыланады. Біраз бапкер мен басшының қызметі қаралады. Күрделі өзгерістер болады деп уәде беріп отыр. Көрейік.

Бүкіл әлемнің спортшылары мен жанкүйерлері ұзақ күткен бұл жарыс тарихта қалатыны сөзсіз. Дүниежүзілік соғыстардың кесірінен Олимпиадалар өтпегені белгілі, алайда алғаш рет ойындарды бір жылға кейін қалдырды. Сондай-ақ алғаш рет жарыс «Тезірек, жоғары, күшті – бірге» деген жаңа ұранмен өтті. Ескі ұранға «бірге» сөзін қосуының үлкен мәнісі бар. Осындай қиын кезеңде адамзаттың өзара қарым-қатынасын үзбей, бірлесуі маңызды болып отыр.