Токио-2020. Олимпиада қызықтары

Тойдың болғанынан боладысы қызық қой. Токио Олимпиадасын өткізу-өткізбеу туралы қызыл кеңірдек болып айтысқандар жетерлік.

Стадионға көрермен кіргізу, кіргізбеу мәселесі де көп талқыланды. Сөйтіп, дауласып жүрген Олимпиада өтті де кетті. Әрине, ойын кезінде есте қалар оқиға көп. Соның бірсыпырасына тоқтала кетсек. 

Бір бәсеке – екі чемпион. Ерлер арасында биікке секіруден катарлық Мутаз Эссе Баршим мен италиялық Жанмарко Тамбери алтын жүлдені тең бөлісті. Өйткені, екеуі де бірдей нәтиже көрсетті. 2 метр 37 сантиметр. Одан кейінгі мүмкіндіктерін мүлт жіберді. Яғни, олар 6 мәрте 2 метр 39 сантиметрге секіруге тырысқан. Болмағасын төрешілер ақылдаса келе қос спортшыны да чемпион деп таныды. Үздік үштікті Беларусь өкілі түйіндеді. Айта кетейік, бұндай жағдай бұдан бір ғасырдан артық уақыт бұрын, яғни 1912 жылы тіркеліпті.

Жанмарко Тамбери, биікке секіруден Токио Олимпиадасының чемпионы, Италия:

- Әрине біреуден екеу жақсы. Үшеу болса да қарсылық жоқ. Өйткені мен Мутаз бен Брендонды жақсы танимын. Иутаз да мен сияқты жарақат алған. Бірақ арман жолында талмай жаттығып жүрген жігіт. Мен де алтын деген асқақ арманмен келгенмін. Екеуміз де бір сантиметр шегінген жоқпыз. Екеуің де алтын беріледі дегенді естігенде бір-бірімізге қарап жылап жібердік.

Туған топырағында өтетін жарысқа жапондықтар қатты дайындалыпты. Мұның айғағы бір үйден екі чемионның шығуы. Ағалы-қарындас Ута мен Хифуми Абэ бір күнде дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Алдымен 52 салмақ дәрежесінде әйелдер арасындағы бәсеке түскен Ута Абэ қарсылас шақ келтірмеді. Финалда Франция спортшысынан айласын асырып, алтын жүлдені иеленді. Іле-шала боз кілемге ағасы Хифума Абэ шықты. Ол 66 келіде күреседі. Қарындасынан ұялды ма, әйтеуір ол да қарсыластарын кезек-кезек жеңіп, жапон туын желбіретті.

Сондай-ақ Токиода 13 жастағы жапон қызы Олимпиада чемпионы атанды. Биыл жазғы ойындар бағдарламасына алғаш рет скейтбординг қосылған еді. Жапония атынан бұл сынға Момидзи Нисия қатысқан. Ол финалдық сында 15,25 ұпай жинап, бірінші орын алды. Осылайша, Олимпиада тарихында алтын алған екінші ең жас спортшы атанды. Алғашқысы америкалық Марджори Гестринг. Ол 1936 жылы суға секіруден алдына жан салмады. Ол кезде Марджори де 13 жаста еді. Скейтбординг бойынша екінші орынды бразилиялық Раисса Леал алса, үздік үштікті тағы бір жапондық Фуна Накаяма түйіндеді.

Бір адам үш бірдей әлем рекордын жаңартты. 109 келіден жоғарғылар арасындағы жарыста грузиялық ауыр атлет Лаша Талахадзе қос сайыс қорытындысы бойынша 488 келіні басынан асырды. Осылайша, биыл Мәскеудегі құрлықтық додада тіркеген өз рекордын өзі жаңарты. Бұған қоса, жұлқа көтеруде 223, ал серпе көтеруде 265 келіні бағындырды. Бұл салмақтарды да бұған дейін ешкім көтермеген. Жарыс нәтижесінде грузиялық спортшы чемпион атанса, Иран мен Сирия өкілдері үздік үштікті түйіндеді.

Токиодағы Олимпиаданы қазақстандықтар қоланың өзі олжа деп қабылдады. Өйткені қоржында қоладан өзге медаль жоқ. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз ел ретінде жазғы Олимпиадаға қатысқалы алтынсыз қайтпаған еді. Мәселен Атлантада 3 алтын, Сиднейде 3 алтын, 2004 жылы Афинада 1 алтын, Бейжіңде 2-еу, Лондонда, 3 және Рио-де Жанейрода 3 алтын алған. Осы Риода сонымен қоса 5 күміс пен бақандай 9 қоланы қанжығаға байлаған. Ал биыл сегіз қоланы қанағат тұттық. Біз үшін бұл да бір ерекше, естен кетпес жәйт болды.