Токио Олимпиадасы несімен есте қалды

Кеше Жапония астанасы Токиода XXXII жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі аптадан астам уақыт жалғасқан дүбірлі додада қуаныш пен шаттық, реніш пен өкініш, халықты таңқалдырған сәттер де болды.

Бар спортшының арманы – Олимпиада медалі. Ал оны дайындаудың да өз әдісі бар. Түрлі техникалар қолданылып, жаңартылып та отырады. Бұл істе де жапондықтар дүйім жұртты таңқалдырды. Яғни медальдарды қоқыстан құрап шықты. Ол үшін жергілікті өнертапқыштар бүкіл елден ескі телефондар мен SIM карталар, техникалық бұйымдарды мемлекетке қайырымдылық көмек ретінде тапсыруды сұраған. Мұндай құрылғылардың кей бөлігі алтын, күмістен құйылатынын жақсы білетін мамандар ақырында сол жиылған қалдықтан 32 келі алтын, 3 жарым келі күміс, 2 келі 400 грамм мыс алған.

Токио Олимпиадасының тарихи оқиғаларға да толы болғаны белгілі. Соның бірі грузин спортшысы Нино Салуквадземен байланысты. Ол тоғыз рет Олимпиадаға қатысқан әлемдегі тұңғыш әйел атанды. Пневматикалық тапаншадан оқ атудан сынға түсетін Нино алғаш рет 1988 жылы Сеул өткен байрақты бәсекеде өнер көрсеткен. Содан бері Олимпиада ойындарынан медальсіз оралмапты. 52 жастағы спортшы тек биыл ғана жүлделі орынға іліге алмай, спорттық мансабын аяқтады.

Токиода біреулер жұртты спорттағы мансабымен таңқалдырса, енді бірі Олимпиада алаңында сүйікті хоббиімен айналысып, көрермендерді тәнті етті. Атап айтқанда, суға секіруден алтын алған британдық Том Дейли тоқыма тоқып, көпшіліктің көзайымына айналды. Оның айтуынша, бұл іс жүйкені тыныштандырып, өзін жеңіл сезінуге көмектеседі екен. Соның арқасында Олимпиада кезінде өзіне жемпір тоқып алған.

Бір сайыс – екі чемпион. Токиода ерлер арасында биікке секіруден катарлық Мутаз Эссе Башрим мен италиялық Джанморко Тамбери алтын жүлдені тең бөлісті. Екі спортшы да 2 метр 37 сантиметрді бағындырды. Осыған байланысты төрешілер қос спортшыны да чемпион деп таныды. Үздік үштікті Беларусь өкілі түйіндеді. Жалпы, бір алтынды екі спортшы бөлісуі жиі бола бермейді. Мұндай жағдай жеңіл атлетикада 1912 жылғы Олимпиадада болды.

Енді Қазақстан құрамасына тоқталсақ. Биылғы Олимпиада ойындарында біздің команда жарысқа қатысушылар саны жағынан антирекорд жасады. 97 спортшы. Бұл Қазақстанның Олимпиададағы ең төмен көрсеткіші саналады. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына 98 спортшы барған болатын. Ал қалған кезде лицензия саны жүзден асып отырды.

Сондай-ақ...