Елдос Сметов үлкен спортта қала ма?

Сметов үлкен спортта қалатын болса, салмағын ауыстырады.

Бұл жөнінде спортшының өзі мәлімдеді.

Егер кәсіпқой мансабын жалғастырса 66 келіде өнер көрсететінін жеткізді.

«Олимпиададан кейін сәл тынығып, жарақатымды емдеп алайын. Одан кейін нақты тоқтамға келем», - дейді дзюдошы. Токиодағы бәсекеге де жарақатпен барған. «Бірақ татамиге шыққанда барлығын ұмытып, алтын жүлде үшін ғана таластым», - дейді. Физикалық және психологиялық дайындыққа санитарлық талаптардың әсері де болған.

«Яғни, күнделікті тес тапсыру, маска тағу, әзірлікті кестемен істеу сияқты шаралар әбден қажытады», - дейді. Соған қарамастан Елдос Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Өткен Рио Олимпиадасында күміс иеленген еді. Ал, енді басты арманы – Олимпиада алтынына қол соза ма, жоқ па, әзірге белгісіз.