«Ливерпуль» Килиан Мбаппені тегін алуды көздейді

«Ливерпуль» Францияның «Пари Сен-Жермен» шабуылшысы Килиан Мбаппені қатарына қосуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы Transfer Window мәлімдеді.

Дереккөздің хабарлауынша, клуб Мбаппені тегін алғысы келеді, сол үшін де олар француз футболшысының париждіктермен келісімшарт мерзімі аяқталғанын күтіп отыр.

Бұған дейін Мбаппе ПСЖ-мен келісімшартты ұзартқысы келмейтіні туралы хабарланған болатын. Ол мансабын жалғастыруы мүмкін клубтардың ішінде «Реал» көш басында тұр.  

Мбаппенің ПСЖ-мен қолданыстағы келісімшарты 2022 жылдың 30 маусымына дейін есептелген.

Мбаппе ПСЖ сапында 2017 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді, оған дейін ол «Монакода» ойнаған.

Франция чемпионатының өткен маусымында шабуылшы 31 матчқа қатысып, 27 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді. Оның есебінде Чемпиондар лигасындағы 10 ойында соққан сегіз голы бар.

Бұған дейін «ПСЖ» Мбаппеге жыл сайын 32 миллион еуро төлеуге дайын екендігін хабарлағанбыз.