«Испания Вуэльтасы»: әзірге нәтиже көңіл көншітпейді

«Астана» шабандоздары үздіктер қатарынан шығып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропа төрінде атақты велокөпкүндік жалғасып жатыр. «Испания Вуэльтасы» 3-кезеңінде спортшылар 202 шақырымды бағынырды. Нәтижесінде эстониялық Рейн Таарамяэ топ жарды. Қазақстандық клуб сапынан ең тәуір көрсеткішке Александр Власов қол жеткізді. Ол мәре сызығын 25-болып кесті. Ал Луис Леон Санчес – 61-ші, Горка Исагирре мен Оскар Родригес сәйкесінше 62-ші және 63-сатыларда.

Күні кеше жалпы есептің алдыңғы үштігінде тұрған «астаналық» Алекс Аранбуру 154-көрсеткішке ие болды. Сәйкесінше жалпы есепте 132-орыннан бір-ақ шықты. Алда әлі 18 кезең бар. «Испания Вуэльтасы» бәсекесі 5 қыркүйекке дейін жалғасады.

САДАҚ АТУ

Қазақстандық Дәулеткелді Жаңбырбай әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, нәтижесінде 4-сатыға тұрақтады.

Садақ атудан жасөспірімдер арасындағы бәсеке Польшада өтті. Ол жартылай финалда норвегиялық, ал үшінші орын үшін таласта үндістандық спортшыға ғана есе жіберді.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ТАБЫС

18 алтын, 25 күміс және 19 қола. Қазақстандық грэпплинг шеберлері әлем чемпионатынан осындай олжамен оралды. Биылғы байрақты бәсеке Ресейде өткен. Оған 12 мемлекеттен 150-ден аса адам қатысты. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама бас-аяғы 62 медаль иемденіп, жалпыкомандалық есепте 2-сатыға тұрақтады. Оның ішінде Әлихан Хабибулла,  Русланәли Мұхамадиев, Заңғар Абзал және Нұржан Батырбеков сияқты өрендеріміздің жетістігін ерекше атап өту керек.

Елордадағы №7 мамандандырылған спорт мектебінің бапкері Тоқтар Зарубековтің айтуынша, бұл чемпионатқа 2 айдан аса уақыт дайындалған. Бәсекенің жоғарылығына қарамастан қазақстандық спортшылар керемет өнер көрсетіп, намысты қолдан бермеді. «Бұл жағдай енді елдегі грэпплингтің дамуына тың серпін береді», – дейді бапкер.