Әлем чемпионы атануға бір қадам: Айдос Ербосынұлы 12 қыркүйекте шаршы алаңға шығады

Айдосқа екінші мүмкіндік берілді. Қазақстандық кәсіпқой боксшының кезекті кездесуіне қатысты спорт сарапшылары осындай пікір айтуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы 12 қыркүйекте шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – гаяналық Аллен Леннокс. Ол бүгінге дейін 24 кездесу өткізіп, 22-сінде жеңіске жеткен. Ал Айдостың көрсеткіші – 15 жекпе-жек, 15 жеңіс. Бұл бокс кеші жерлесімізді әлем чемпион болсам деген арманына бір табан жақындата түседі. Әрине, егер Айдос жеңіске жетсе.

Айта кетейік, ол ең соңғы жекпе-жегін былтыр желтоқсанда өткізді.  Ганалық Исса Самирді ұтып, 3 бірдей аралық чемпиондық белдігін қорғап қалды. Одан кейін 17 сәуірде ресейлік боксшымен жұдырықтасуы керек еді. Бірақ аяқасты ауырып, кездесу болмай қалды.