Қ.Қоңқабаев пен С.Бибосынов 31 млн теңге сыйақыларын мұқтаждарға беретін болды

Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов мемлекеттен бөлінген 31 миллион теңге сыйақыны мұқтаж жандарға беретінін хабарлады.

Бұл ойларын боксшылар Алматыда өткен Қазақстан бокс федерациясының спортшыларды марапаттау рәсімінде айтты. Федерация тарапынан Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа және олардың жеке бапкерлеріне 50 мың және 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ құраманың бапкерлері мен Олимпиадаға қатысқан басқа да боксшылар назардан тыс қалмады. Олар да мараптқа ие болды. Спортшыларымыз қысқа мерзімдегі демалыстан соң күзде өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастайды.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Әуесқой бокстағы әрбір спортшының арманы – Олимпиада шыңын бағындыру. Сондықтан бұл спорт емес, біз үшін өмір десем артық айтқандық емес. Бұл жетістік қанша жылғы еңбектің, тердің, біреу білсе, біреу білмейді, соның жемісі деп білемін. Кеше мемлекет тарапынан бөлінген 31 миллионды, 75 мың долларды қайырымдылық қорына жұмсауға солай шештім.