Үстел теннисінен ашық республикалық турнир өтті

Елде қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі – үстел теннисі.

Бұл нағыз бұқаралық ойын. Әрі қолжетімді. Қызылорда облысының Нағи Ілиясов елді мекенінде үстел теннисінен әуесқойлар мен ардагерлер арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашық республикалық турнир өтті. Үшінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа 6 облыс пен Сыр елінің аудандарынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Олар 4 топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтады. 40 жасқа дейінгі теннисшілер арасында ақтаулық Есенгелді Рамазанов топ жарды. 10 жылдан бері үстел теннисімен шұғылданатын ойыншы талай шебердің алдын орап кетті. 50 жастағы әуесқойлар сайысында сырдариялық Болат Бакуов жеңіске жетті. Түркістандық Нартай Төлбасиев 60-қа аяқ басқандар бәсекесінде алдына жан салмады. Ардагер теннисшілерден Сұлтанбек Сексенбаевтың мерейі үстем болды. Турнир жеңімпаздарына арнайы диплом мен қаржылай сыйақы табысталды.