Паралимпиада ойындары: ұлттық құрама дайындыққа кірісті

Бірер күннен кейін Токиода Паралимпиада ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24». Осыған байланысты әлемдегі мыңдаған спортшы жапон астанасына ағылып жатыр.

Олардың арасында біздің құрама да бар. Қазақстан өкілдері ПТР тест тапсырып, арнайы тіркеуден өтті. Одан кейін олимпиадалық қалашыққа орналасты. «Енді біртіндеп дайындыққа ден қойдық», – дейді Ұлттық паралимпиадалық комитет өкілдері.

Айта кетейік, биылғы байрақты бәсекеге жерлестеріміз 25 лицензия жеңіп алды. Әсіресе жүзуде 7, дзюдода 6 және пауэрлифтингтен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқу ату бағыттары бойынша да сынға түседі. Алғашқы бәсекелер 25 тамызда басталады. Қазақстандық спортшылар арасынан ең бірінші болып жүзу шеберлері жарысқа араласады.

Зүлфия Ғабидуллина, ұлттық құраманың мүшесі:

– Ең бастысы – барлығы дін-аман. Көңіл-күйіміз жақсы. Әрине, тест тапсыру, тіркеуден өту не басқа да құжатбастылыққа қатысты мәселелер біраз уақытты алады. Бірақ оған түсіністікпен қараймыз. Өйткені бұл – ең алдымен біздің қауіпсіздігімізге қатысты шаралар. Енді жаттығуды пысықтап, ел абыройын асқақтауымыз қажет.

 

 

 

«АСТАНА» ШАБАНДОЗЫ 15-ОРЫНДА

«Астана» шабандозы 15-орында. Кәрі құрлықтың таулы-қыратты аумақтарында велокөпкүндік жалғасып жатыр. «Испания Вуэльтасы» бәсекесінің 9-кезеңінде спортшылар 188 шақырымды жүріп өтті. Нәтижесінде италиялық Дамиано Карузо топ жарды. «Астана» сапынан ең тәуір көрсеткішке Александр Власов қол жеткізді. Ол мәре сызығын 15-болып кесті. Соның арқасында жалпы есепте 11-сатыда тұр. Қазақстандық клубтың басқа мүшелері Ион Исссагерри мен Горка Иссагери кезең қорытындысы бойынша сәйкесінше 43-ші және 44-орындарға жайғасты.

Алда әлі 12 кезең бар. Жарыстар 5 қыркүйекке дейін жалғасады. Спортшылар жалпы ұзындығы 3417 шақырымды бағындыруы керек.