Шымкенттегі ақылы спорт нысындары енді балаларға тегін қызмет көрсетеді

Шымкенттің бюджетінен жергілікті футбол клубына бөлінетін қаржының 1 млрд 347 миллион теңгесі қысқартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ақша өзге спорт түрлерін дамытуға жұмсалады. Ал балалар үйірмесіне жан басына шақтап қаржы бөлінеді. «Бұқаралық спортты дамыту ауыл-аймақ пен қала арасындағы үздіктерді сұрыптап, кәсіби тұрғыда жоғарылуына мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бұл – Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданы. Халқы тығыз орналасқан аймақтың да енді өз спорт алаңы бар. Футбол, волейбол және баскетболдан жергілікті тұрғындар жаттығуға жазыла алады. Мұнда жастардың кәсіби шеберлігін арттырып, ынтасын жоғарылату үшін арнайы жаттықтырушы да тартылды.

Рауан Сапарбаев, жаттықтырушы:

- Үздіктер осы жерде бапталады. Іріктеу жасалады. Іріктеуден бөлек, өздері іште қалалық жарысқа апарылады. Ол жақта үлкен спорт мекемелері бар «Оңтүстік академия», №7 спорт мектебі. Сол жердің тренерлері іріктеу жасайды. Соның ішінен балалар өсіп кете береді ақырындап.

Өз баласын заман талабына сай жабдықталған орында жаттыққанын кез келген ата-ана қалайды. Бірақ қалта көтермейді. Майгүл Ералина немересін тегін тіркей алған кей жанның бірі. Орын саны шектеулі жүзу спортына аптасына 3 рет келеді екен.

Майгүл Ералина, қала тұрғыны:

- Қазір бұл жаққа немеремді әкеліп жатырмын, тегін. Кикбоксқа да барады. Ол да тегін. Жақсы. Тренерлерін өте мақтап, тренерлері бірге жұмыс істеп, ұнап жатыр бәрімізге.

Шымшаһарда спорттық алаңдарын елді мекендерінде көптеп салу ісі қарқын алды. Ол үшін жергілікті футбол клубына бөлінетін қаржының 30%-і қысқартылды. Енді бұл ауқымды сома спорттың өзге салаларына жұмсалады.Сондай-ақ балалардың қызығушылығы ерекше спорттық үйірмелер жан басына қаржыландырудан өтуде. Яғни, бұған дейін ақылы қызмет көрсетіп келген спорт нысындары енді балаларға тегін қызмет көрсетеді. Бірақ қызығушылар саны бөлінген орыннан әлде қайда көп.

Айдархан Әбуов, Су спорты түрлері орталығының директоры:

- Біздің қазір 7 тренеріміз бар. Өзіңіз таңдай аласыз қай тренерге қатысуды. Оның тренеровкаларын көруге болады. Бізде қазір 896 бала қатысып жатыр. Яғни, 896 орын берілген.

Миллионды қаланың 30% тұрғыны кәсіби спортты жанына серік еткен.

Биылғы жылы шаһарда 115 спорттық ашық алаңшалар бой көтермек. Басым бөлігі жергілікті бюджет есебінен.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов