24 тамыз күні Токиода Паралимпиада ойындары басталады

24 тамыз күні Токиода Паралимпиада ойындары басталады

Бүгін Паралимпиада ойындары басталады. Осыған байланысты Токио төрінде қазір қызу қарбалас. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған спортшы жапон астанасына ағылып, соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Олардың арасында біздің құрама да бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 6 мәрте жазғы паралимпиадаға қатысқан. Бұл жетіншісі. Ерекшелігі сол – биыл қазақстандық спортшылар лицензия саны жағынан рекорд жаңартты. 

Яғни бас-аяғы 25 жолдама жеңіп алды. Ел тарихында бұрын-соңды мұндай болмап еді. Мәселен, өткен Паралимпиадаға 10 спортшы ғана барды. Ал биыл қыз-жігіттер жоспарды асыра орындады. Әсіресе жүзуде 7, дзюдода 6 және пауэрлифтингтен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бойынша да сынға түседі.

Сонымен ұлттық құраманың негізгі жаттығу жиыны Алматыда өтті. Арнайы спорттық базада санитарлық талаптарды сақтауға және оған паралель дайындықты шыңдауға да барлық мүмкіндік бар. Коронавирусқа қатысты жағдай өз кесірін тигізді дейді спортшылар. Өйткені бір кездері залдардың бәрі жабылды. Жаттығулар тоқтатылды. Тек бертін келе ғана шектеулер алына бастады. Уақыттың тығыздығына қарамастан жерлестеріміз тез бабына келіп, халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетті.

Раушан Қойшыбаева, Ұлттық құраманың мүшесі:

- Осылайша бірер апта «таза» аймақта жаттыққан спортшылар заттарын буып-түйіп жуырда ғана Токиоға аттанды. Санитарлық талаптар қатаң. Спортшылар бірнеше рет, яғни елден шығар алдында және ана елге жеткеннен кейін ПТР тест тапсырады. Ресми тіркеуден өткен де оңай емес. Әуежайда сағаттап отыруға тура келді. Мұның барлығы спортшылардың бабына кері әсер ете ме деп алаңдап ек. Бірақ кейін барлығы дұрыс, барлығы сәтті деген хабар алдық.

Медет Байкен, ҰПК Қоғаммен байланыс бойынша директоры: 

- Иә, артынша ұлттық құрама олимпиадалық қалашыққа жетіп, жаттығуға жан бітірді. Өкінішке орай, биыл отандық тележурналистер байрақты бәсекеге бара алмады. Қалыптасқан жағдайға байланысты делегация саны қысқартылды. Соған қарамастан ұлттық құраманың тыныс-тіршілігін осындай видеолар арқылы көріп отырмыз. Спортшылар алдындағы ендігі міндет – қалың қазақты жүлдемен қуанту. Олимпиадада масқара болып ек. Енді Паралимпиадада соның есесін қайтарамыз деген үміт бар. Үміт емес сенім. Өйткені қыз-жігіттердің бабы жақсы. Көздерінде от бар.

Айта кетейік, Токиодағы ойындардың ресми ашылу салтанаты бүгін өтеді. Ал ең алғашқы жарыстар ертең басталып, 5 қыркүйекке дейін жалғасады және осы аралықта 540 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Автор: Аслан Қаженов