Токиода Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Паралимпиада ойындары басталды. Бүгін Токио төрінде байрақты бәсекенің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған спортшы қатысады. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты ашылу салтантында шектеу көп болды. Барлығы бірдей олимпиадалық стадионға жіберілген жоқ. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 6 мәрте жазғы паралимпиадаға қатысқан. Бұл – жетіншісі.

Ерекшелігі сол, биыл қазақстандық спортшылар лицензия саны жағынан рекорд жаңартты. Яғни бас-аяғы 26 лицензия жеңіп алды. Әсіресе жүзуде 7, дзюдода 7 және пауэрлифтингтен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бойынша да сынға түседі.

Қазір жерлестеріміз Токиода соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Ең бірінші жүзу шеберлері жарысқа араласады. Іріктеу сындары ертең таңертең басталады.