Бокстан Азия чемпионаты: төрт спортшы финалда

Бокстан Азия чемпионаты: төрт спортшы финалда
Norma.uz

Токио төрінде Паралимпиада басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең алғаш болып жарыс алаңына жүзу шеберлері шықты. Бұл сынға еліміз атынан Роман Агалаков қатысқан. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ол 11-көрсеткішке ие болды. Ал финалға тек алдыңғы 8 спортшы өтеді.

Төрт бокшысымыз финалға шықты

Дәл қазір Дубайда жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша соңғы сынға шыққандардың есімдері белгілі болды. Мәселен, жеңіл салмақтағы Төрехан Сабырхан жартылай финалда Тәжікстан спортшысын ұтып, финалға жолдама алды. Ал 54 келіде өнер көрсетіп жатқан Адай Ниязбай бен непалдық боксшы арасындағы жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталды. Жерлесіміз жеңіске жетті. Бұған қоса, 57 келідегі Бахтияр Анарбаев пен Мохамед Аттиа-Хамед те алтын үшін таласады. Ал ең жеңіл салмақтағы Айдар Кадырхан құрлықтық доданың қола жүлдегері атанды. Айта кетейік, бүгін тағы 4 боксшымыз жартылай финалда жұдырықтасады. Жарыстың жалпы қорытындысы 30 тамызда белгілі болады.

Құрбан Бердиев «Қайратты» баптайды

Ресейлік маман қайтадан алматылық клубтың бас бапкері болды. Қос тарап арасындағы келісім жыл соңына дейін есептелген және оны әрі қарай да созуға болады. Айта кетейік, «Қайрат» осы маусымда үшінші рет бапкер ауыстырып отыр. Бұған дейін командаға жетекшілік еткен Алексей Шпилевский мен Кирилл Кекер өз еріктерімен қызметінен кетті. Ал Құрбан Бердиев дәл осы клубқа үшінші мәрте келіп отыр. 90 жылдары ол  бас бапкердің көмекшісі және бас бапкер болған еді. Ал мамыр айынан бастап «Қайрат» клубы бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. Құрбан Бердиев осыған дейін қазандық «Рубинге» бапкер болып, екі рет Ресей чемпионатының финалына жеткізді. Бұған қоса, оның командасы Барселона, Бавария сияқты әлем үздіктерін ұтты.

10 кезең артта қалды

«Вуельта Испания» велокөпкүндігі бел ортасына жетті. Спортшылар бүгінге дейін 10 кезеңді жүріп отты. Соңғы жарыс күні олар 189 шақырымды бағындырған болатын. Нәтижесінде австралиялық Майкл Сторер топ жарды. Өкінішке қарай, «Астана» шабандоздары үздіктер қатарынан табылмады. Ең тәуір көрсеткіш Луис Леон Санчесте. Ол жеңімпаздан 5 минутқа қалып, мәре сызығын 25-ші болып кесті. Қазақстандық клубтың негізгі үміті Александр Власов 32-сатыға тұрақтады. Ал жалпы есепте Власов 12-ші келеді. Ал жоғарыдағы Луис Санчес 32-ші орында тұр. Қалған спортшылардың көрсеткіші төмен. Алда әлі 11 кезең бар. Шабандоздар бас-аяғы 3400 шақырымды жүріп өтуі керек. «Вуельта Испания» бәсекесінің жалпы қорытындысы 5 қыркүйекте белгілі болады.

Хоккейден Қазақстан кубогі

Ал хоккейден Қазақстан кубогі мәресіне жетуге жақын. Күні кеше топтық кезеңнің соңғы кездесулері өтіп, жартылай финалға шыққандар белгілі болды. Мәселен, атыраулық «Бейбарыс» соңғы кзедесуде көкшетаулық «Арланды» жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Қорытынды есеп 2:1. Дәл осындай нәтиже «Сарыарқа» мен «Теміртау» арасындағы матчта тіркелді. Нәтижесінде қарағандылық клуб жартылай финалға шықты. Бұған қоса, «Ақтөбе» мен «Торпедо» соңғы мачтарын сәтті өткізіп, өз топтарының үздігі атанды. Енді финал жолдамасын Бейбарыс пен Ақтөбе, Сарыарқа мен Торпедо сарапқа салады. Бұл матчтар бүгін өтеді. Ал ертең биылғы кубоктің жеңімпазы белгілі болады.