Роналдуға агенті «Барселонаға» ауысуға ұсыныс жасаған

«Манчестер Юнайтедке» ауысқан Криштиану Роналду мансабын «Барселонада» жалғастыруы мүмкін еді. Бұл туралы Рrosports.kz хабарлады.

Дереккөздің мәліметінше, Роналдуға «Манчестер Юнайтедке» ауыспай тұрып, агенті каталониялық командаға қосылу туралы ұсыныс жасаған. Футболшының өзі «Барселонаға» ауысуға қарсы болмағанымен каталониялық клуб бас тартқан.

Португалия құрамасының капитаны жақында «Ювенустан» «Манчестер Юнайтедке» оралды. Daily Mail басылымының мәліметінше, Роналду келісімшарт бойынша аптасына 480 мың еуро жалақы алады. Жылына шаққанда жалақысы 29,2 миллион еуро болады.

Айта кетейік, Роналду 2003-2009 жылдар аралығында «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсеткен.