Паралимпиялық спортшыларымыз 70-тен астам жаттығу жиынын өткізген

Токио төрінде төртжылдықтың басты додасы жалғасып жатыр. Паралимпиада басталған алғашқы күннен спортшыларымыз жүлде еншілеп, елге қуаныш сыйлады. Әзірге Қазақстан қоржынында бір алтын, үш күміс бар. Сайысқа енді түсетін спортшылар да жүлдеден үмітті.

Бүгін Паралимпиада ойындарының кестесі бойынша ядроны итеру сайысынан финал өтті. Бұл спорт түрінен Қазақстан атынан Дастан Мұқашбеков бақ сынаған болатын. Ол 13,24 нәтижесімен алтыншы орынға тұрақтады.

Сондай-ақ 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден сынға түске Ержан Сәлімгереев те жарыс жолын аяқтады. Аталған қашықтықты 32 секундтан астам уақыт ішінде жүзіп өткен Ержан да жалпы есепте алтыншы орында тұр.

Ержан Сәлімгереев, ҚР Ұлттық Паралимпиада құрамасының мүшесі: 

- Жігіттерге спортты бастаған кезде қолдау көрсетіп, очки, шапка бәрін тауып берген жігіттерге алғысым шексіз. Көріп тұрсыздар жігіттер осындай деңгейге жетіп жатырмыз.

Қайрат Боранбаев, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті:

- Ел ішінен үздік шығып, Олимпиадаға келудің өзі үлкен жеңіс. Көрсеткен нәтижесі де жаман емес. Өзі алтыншы орын алғанын қанағат тұтпай ашуланып тұр. Бірақ бұл үлкен нәтиже.

Ержан еткен еңбек пен төккен тер және мықты жігердің арқасында осындай нәтижеге жетті. Бүгінгі жарыста өзі үшін үздік нәтиже көрсеткен. Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев осылай дейді.

Саттар Бейсембаев, пара жүзуден бас жаттықтырушы:

- Бұл қашықтықта кейде жақсы, кейде нашар нәтиже көрсететін. Жарысқа қатыстырмай тастайтын да кездер болды. Бірақ бүгін өте лайықты өнер көрсетті. Шын жүректен құттықтаймын. Дүние жүзінде алтыншы болуы үлкен жеңіс.

Жалпы елдің ұлттық Паралимпиада құрамасы жарысқа тыңғылықты дайындалған. Алайда жаңа жер, өзгеше ауа қысымы және карантин талаптары спортшылардың еркін жаттығуына теріс әсер етті. Десе де, алда жақсы нәтижеге қол жеткізетін спортшылар бар.

Ерлан Сүлейменов, ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің бас хатшысы:

- Тек тамақтанған кезде ғана масканы шешеміз. Басқа уақыттың бәрінде тіпті жаттығу залында да маскамен жүру міндет. Спортшыларды тасымалдау кезінде де қиындықтар болды. Көліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайсыз әрі лық толы жүрген кездер болды. Біз мұндай жағдайға дайын болдық. Қазір жарыс жолын аяқтаған спортшылар елдеріне қайтып жатыр. Олимпиада ауылында адам азайып, мәселе шешіледі деген сенімдемін.

Құрама мүшелерінің жартысы әлі жарыс жолына шыққан жоқ. Сондықтан медальдан үміт үзбейміз. Өйткені спортшылардың дайындығы мықты. Шеберлікті шыңдау үшін олар биыл 72 рет оқу-жаттығу жиынын өткізген. Соңғысы Беларусь Республикасында өтті. Оның алғашқы нәтижелерін көрдік. Енді жалғасы тапсын деп тілейміз.

Талғатбек Әбдіқожа