Қарағандыда үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді

Қазақстанда алғаш рет үстел теннисінен «2021 ITTF Kazakhstan International Open» халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы үстел теннисі федерациясы хабарлады.

15-19 қыркүйек аралығына жоспарланған дүбірлі дода Қарағанды қаласындағы жаңа «Saryarka» үстел теннис орталығында ұйымдастырылады.

Байрақты бәсекеге Австрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Қазақстаннан 70 -тен астам спортшы қатысады. Жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайтын бұл беделді жарыс ITTF халықаралық үстел теннисі федерациясының ТМД елдеріндегі биылғы жалғыз рейтингтік турнирі болып табылады.