Алматыда стенд атудан әлем кубогі басталды

Алматы облысында жасөспірімдер арасында Стенд атудан әлем кубогі өтіп жатыр.

Бәсекеге Қазақстан, Грузия, Испания, Италия, Кипр, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция және Швециядан 120-дан аса спортшы келген. Сөйтіп 21 жасқа дейінгі жігіттер мен бойжеткендер бақ сынауға кірісті. Әзірге жекелей сайыстарда ресейлік және италиялық мергендер көш бастап келеді. Ал «Skeet» жаттығуының командалық сайысында біздің бойжеткендер күміс, жігіттер командасы қола медальға ие болды. Ал ертең қыздар мен жігіттер «mix», яғни аралас командалық жарысты бастайды.

Жетісу жерінде өтіп жатқан Әлем кубогі 6 қыркүйекте аяқталады.

Олег Почивалов, спорттық ату түрлерінен Қазақстан федерациясының бас хатшысы:
– Біздің командада талантты жастар көп. Олар осыған дейін де халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Үш күннен кейін Қазан қаласында ТМД елдері арасындағы жарысқа жол тартады. Біз осында өнер көрсетіп жатқан жастарымызды Париж олимпиадасынан көргіміз келеді. Ересектер құрамасының орнын басуға лайықты спортшыларымыз бар.