«Астана» велокомандасы сапына әлемдік деңгейдегі спринтер келуі мүмкін

Қазақстандық команда италиялық спринтер Элиа Вивианиді өз қатарына қосқысы келеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

La Gazzetta dello Sport басылымының хабарлауынша, командаға қайта оралып, келесі маусымға құрам жасақтай бастаған Александр Винокуров Вивианиға қызығушылық танытқанын растады. Қазіргі уақытта Элиа Cofidis сапында екінші маусымын өткізіп жатыр. Винокуров спортшының менеджерімен байланысқа шығып, спортшыға екі жылдық келісімшарт ұсынған. Келісімшартқа бір апта ішінде қол қойылуы мүмкін.

Ағымдағы маусымда Вивиани Францияда өткен біркүндік «Луара елі - Шоле Гран-приінде» топ жарды, сонымен қатар «Тур Пуату-Шаренте» және «Адриатика-Ионика» кезеңдерін жеңіп алды. Қазақстандық командадан бөлек, Deceuninck-Quick-Step ұжымы да велоспортшыны өз сапына қосуды жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар Винокуровтың айтуынша, Винченцо Нибалидің «Астанаға» ауысуы – аяқталған процесс.