Футболдан Аргентина мен Бразилия құрамасының кездесуі жанжалмен аяқталды

Футболдан Бразилия мен Аргентина құрамасының әлем чемпионатының іріктеу кездесуінде жанжал шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған ойынның 7-минутында алаңға полицейлер мен санитарлық қызмет өкілдерінің шығып, ойынды тоқтатуы себеп. Жергілікті билік өкілдері Аргентинаның 4 ойыншысы коронавирусқа қарсы тәртіпті бұзғанын алға тартып, ойынды аяқтауды сұраған. Салдарынан бірнеше минутқа созылған келіссөзден кейін Аргентина командасы алаңнан кетіп қалды. Ал жергілікті тексеру органының мәлімдеуінше, Аргентинаның 4 ойыншысы кездесуге дейін Ұлыбританияда болып, Бразилияға келген соң 14 күндік карантинді сақтамаған. Сондықтан ойынды жалғастыруға құқы жоқ. Аргентина өкілдері барлық талапты орындағанын айтып ақталған. Оқиғаға байланысты Оңтүстік Американың футбол конфедерациясы ФИФА-ға шағымданатынын жеткізді.