Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинамен тең тарқасты

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Босния және Герцеговина мен Қазақстан құрамасы кездесті, деп жазады Prosports.kz.

Боснияның Зеница қаласында өткен ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Бірінші тайм толықтай алаң иелерінің басымдылығымен өтті. Команда капитаны Эдин Джеконың өзінде гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ Игорь Шацкий қорғаған қақпадан саңылау таба алған жоқ.

Ал екінші таймды Қазақстан құрамасы шабуылмен бастады. Нәтижесінде бұрыштама сәтінде Исламбек Қуат гол соғып кетті. Бұл ойынның 52-минуты болатын. Бірақ 70-минутта Александр Марочкин айып алаңының ішінде ойын тәртібін бұзып, қақпамызға пенальти белгіленді. Оны Миралем Пьянич сәтті орындап, есепті теңестірді. Ал 86-минутта қосалқы құрамнан шыққан Лука Менало бұрыштамадан гол соқты. Бірақ Қазақстан футболшылары ойын соңына қарай есепті теңестірді. Бахтиер Зайнутдинов қосымша уақытта айып добынан гол соқты.

Осы ойыннан кейін Босния құрамасы 3 ұпай жинап, D тобында 4-орынға жайғасты. Қазақстан құрамасы да 3 ұпай жинап, соңғы орында тұр.

Әлем чемпионатына іріктеу. D тобы.

Босния және Герцеговина - Қазақстан - 2:2 (0:0)

Гол соққандар: Пьянич, Менало - Қуат, Зайнутдинов

Босния және Герцеговина: Ибрахим Шехич (Қ) – Сеад Колашинац, Синиша Саничанин, Анел Ахмедходжич, Деннис Хаджикадунич, Мирослав Стеванович – Гойко Цимирот, Миралем Пьянич, Ади Налич – Эрмедин Демирович, Эдин Джеко (К);

Қазақстан: Игорь Шацкий (Қ) – Ян Вороговский, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Александр Марочкин, Марат Быстров – Исламбек Қуат, Асхат Тағыберген (К), Георгий Жуков, Владислав Васильев – Артур Шушеначев.