Қазақстан алғаш рет әлем чемпионатында әйелдер арасындағы велотректен медаль алды

Тарихи жеңіске қол жеткізді. Қазақстандық Юлия Голубкова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Айта кету керек, бұл велотректен әйелдер арасында ел тарихындағы алғашқы медаль. Дүниежүзілік доданы биыл Каир қаласы қабылдаған. Юлия спринт санатында үздіктер қатарынан табылып, жеңіс тұғырына көтерілді. Бірінші орын Ресей, екінші орын Украина шабандозына бұйырды. Әлем чемпионатының жүлдегерін елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Юлия осы айда 18-ге толады. Сәйкесінше жасөспірімдерден жастар санатына ауысады. Алдағы уақытта да осы қарқынды жоғалтпай, енді ересектер арасында мықтылығымды дәлелдесем дейді. 

Юлия Голубкова, әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Бәсекелер өте қиын болды. Әсіресе Украина спортшысымен жарыс ерекше есте қалды. Сөздің шыны керек, бізді топ жарады деп ешкім ойламады. Тек жүлдеге іліккеннен кейін ғана Қазақстан құрамасына құрметпен қарай бастады. Енді осымен тоқтап қалмай, алдағы әлемдік және олимпиадалық ойындарда жеңіс жолын жалғастырғым келеді. 

Бұған қоса әлем чемпионатында тағы бір жерлесіміз Кирилл Курдиди де жүлдеге ілікті. Ол 1 шақырымдық гит бәсекесінде қола жүлдегер атанды.

Айта кету керек, велотректің дәл осы бағытында да бізде дүниежізілік доданың медалі болмаған. Байрақты бәсекеге елордадағы олимпиадалық даярлау орталығынан бас-аяғы 9 спортшы аттанды. Олар қалыптасқан жағдайға байланысты екі жылдай халықаралық жарыстарға қатыспады.

Кирилл Курдиди,  әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Ұзақ уақыт ешқандай жарысқа қатыспадық. Сондықтан біздің мүмкіндігімізді қарсыластарымыз білмеді. Жарыс барысында намысқа тырысып, ел абыройын асқақтатуды мақсат тұттым. Барлығы ойдағыдай болғанына қуаныштымын. 

Иван Сиваш, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:

-  Шәкірттерім отандық спорт тарихында қалады. Өйткені велортектен осындай деңгейдегі алғашқы жүлделерді әкелді. Юлия да, Кирилл де жаттығуын жалғастырады. Алда тағы да жарыстар бар. Әсіресе Париж Олимпиадасына қатысудан үміттері бар. Енді осы бағытта жұмыстанамыз.