Руслан Валиуллин мансабын уақытша тоқтатуы мүмкін

Қазақстан мен Украина арасында болған соңғы матч көп жанкүйердің жадында ұзаққа қалатыны рас. Тартысқа толы ойында Руслан Валиуллин дубль жасап, намысқа тырысқанын көпшілік көрді. Қос голы арқылы құрама командамыздың мінезін көрсете білді. Бірақ келесі ресми ойында «қарсылас қақпасына тағы да доп дарыта ма» деген ойыншымыз басы допинг дауына қалғанын Финляндияға барар жолда бір білген.

Ермұхамед Мәулен, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:

- Бұл «Тобыл» футбол клубының сапында болған оқиға. Яғни «Жилина»-«Тобыл» командалары арасындағы ойыннан кейін допинг-тестке барған. Сол жерде Сергей Малый және Руслан Валиуллин тапсырған. Сергей Малыйдікі барлығы жақсы, бірақ Русланның қанынан рұқсат етілмеген препарат қалдықтары шыққан екен.

Бірақ допингпен ұсталған Уәлиұлының оң тесті ұлттық құрама матчтарының нәтижесіне кесірін тигізбейді, дейді мамандар. Себебі Русланның көңілін түсірген хабарлама 2 қыркүйек күні, яғни Қазақстан-Украина матчынан кейін түскен. Осыған байланысты «Тобыл» клубы Валиуллиннің допингке қарсы ережелерді бұзу ықтималдығына байланысты УЕФА тарапынан тәртіптік іс қозғалғаны туралы ақпарат алды.

Ермұхамед Мәулен, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:

- Жалғыз қауіп Руслан Валиулиннің одан әрі қарай футбол ойнауын жалғастыруы. Яғни Бауыржан Исламхан секілді ол 1-2 жылға, 6 айға, 3 аптаға деген сияқты сондай мерзімі бар. УЕФА соны бекітіп тағайындайды. Дәрігерлермен келісе отырып. Соны күтеміз.

«Тобыл» клубының өкілдері пікір білдіруден бас тартқан соң ресми сайтындағы ақпаратты ғана қаперге алдық. Қазіргі уақытта тыйым салынған заттың футболшы қанына қалай енгені анықталып жатыр. Негізі Руслан Украинамен болған матчтан кейін жарақат алып қалған. Сіңірінің созылуына байланысты қазір медициналық тексерістен өтіп жатыр. Айта кету керек, бүгін аяқдопшы 27 жасқа толды.

Мирлан Алтынбек