«2021 ITTF Kazakhstan International Open»: Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Қазақстанда тұңғыш рет үстел теннисінен «2021 ITTF Kazakhstan International Open» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Хабар 24 ҚР ҰОК сайтына сілтеме жасап.

15-19 қыркүйек аралығына жоспарланған дүбірлі дода Қарағанды қаласындағы жаңа «Saryarka» үстел теннис орталығында ұйымдастырылады.

Байрақты бәсекеге Австрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Қазақстаннан 70 -тен астам спортшы қатысады. Жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайтын бұл беделді жарыс ITTF халықаралық үстел теннисі федерациясының ТМД елдеріндегі биылғы жалғыз рейтингтік турнирі болып табылады.

Қазақстан сапынан байрақты бәсекеге  24 спортшы қатысады. Олимпиада ойындарының екі дүркін қатысушысы Кирилл Герасименко жарыстың басты фавориті болмақ. Сонымен қатар, Токио Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Лаврова көшбасшылар қатарын толықтырады. Ағайынды Кенжеғұловтар, Айдос пен Дастан да ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, еліміздің жас мақтанышы Алан Құрманғалиев бақ сынайды. 

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасынан Сағантай Құрмамбаев, Искандер Харки, Ирисбек Артукметов, Бақдәулет Әкімали, Денис Жолдуев, Эрик Райтер, Владислав Захаров, Темирлан Ким, Зәуреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Алсу Сапарова, Ангелина Романовская, Анель Бақыт, Арай Ашкеева, Айя Әлімбаева, Александра Смирнова, Жанерке Кошкумбаева, Малика Сандыбаева және Алиса Цвигун өнер көрсететін болады. 

«Биыл Қазақстан үстел теннисі федерациясы Халықаралық федерациясы аясында беделді жарыстарды дәстүрлі түрде үнемі өткізуге ниетті екенін жариялайды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл аймақтардағы материалдық-техникалық базаны нығайтумен бірге республикадағы ең ауқымды олимпиадалық спорт түрлерінің бірін дамытуға қосымша ынталандыруды қамтамасыз етеді. Біз Kazakhstan Open додасын жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашқан Қарағандыдағы ​​орталық барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге қауқары бар», – деді Ұлттық үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулгазин.

Айта кетерлігі, 19 қыркүйекке дейін жалғасатын дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайды.