Көкшетаулықтар ауызсуға зәру

Көкшетаулықтар бірнеше күннен бері ауызсу тапшылығын сезініп отыр.

Қаладағы кейбір шағын ауданда тіршілік нәрі мүлдем тоқтаса, бір бөлігінде су азайып кеткен. Дәл қазір, әсіресе, «Жайлау» мөлтек ауданының тұрғындарына қиын боп тұр. Мұндағы халық, су, өткен аптаның бейсенбі күні тоқтағанын айтады. Бірақ, жауаптылар, онда таңертең және кешкісін су арнайы көліктермен тасымалданып, таратылып жатқанын жеткізді. «Сарыарқа» ауданында да демалыс күндері ауызсу болмаған. Тіпті, шаһар іргесіндегі Красный яр және Нұрлы көш ауылдарында да бір аптаға жуық ауыз су жоқ, – дейді, жергілікті жұртшылық. Ал коммуналдық мекеме, мұның бәрі Сергеевка су қоймасынан келетін құбырдағы апатқа байланысты екенін алға тартады. Айтуларынша, мәселе осы аптада шешіледі. Ал оған дейін тұрғындарға шыдай тұруға тура келмек. Бірақ, халыққа оңай емес.

Сәпия Қажыбаева, қала тұрғыны:

– Кір жуғыш машина, бәрі тоқтайды. Суды артық қолданбаймыз. Тиіспеңдер, төкпеңдер деп отырамыз. Далада кішкентай бақшам бар. Сондағы чаннан дәретханаға су апарамыз. Душқа түсу дегенді ұмыттық. Бүгін немерем балабақшаға кетті. Аяқ-қолын сүртіп, жібердік бақшасына.