Елімізде стритболдан үздіктер анықталды

Нұр-Сұлтан кубогі. Дәл осындай атаумен елордада стритбол шеберлерінің бәсекесі өтті.

Арнайы лига маусым айында басталған. Оған 110 команда қатысты. Алдымен қаладағы 4 ауданда іріктеу сындары ұйымадстырылды. Үздік атанған 35 команда финалға жолдама алып, бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс ерлер және қыздар арасында болды. Бұған қоса 2 жас деңгейі бойынша, яғни 16 жасқа дейінгілер және 18 жасқа дейінгілер өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясы енді осы доданы жыл сайын дәстүрлі өткізбек. Айта кетейік, стритбол қазір Олимпиада бағдарламасына қосылды.

Дәулет Хамзин, спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясының бөлім басшысы:

- 10 жылдай болып қалды осы қалаға келіп, дамытып жатырмыз. Жастар тартылып жатыр. Ағылшын тілінен аударғанда көше спорты дейді. Қазір оны біздің жастар да жақсы көреді. Спорттық алаңдар салынып жатыр. Ақтық сынды осы жаңадан салынған жерге әкеліп өткізіп жатырмыз.

Бір жарыста екі рет топ жарды. Қазақстандық Кирилл Герасименко халықаралық турнирдің жекелей және жұптық сынында қарсылас шақ келтірмеді. Байрақты бәсеке Қарағандыда өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 80-ге жуық қатысушы жиналды. Айта кетейік, бұл рейтингілік турнир және ТМД төңірегінде осындай деңгейдегі биылдыққа жалғыз жарыс. Іріктеу сындарынан 8 спортшымыз сүрінбей өтті. Ал финалға дейін тек Кирилл Герасименко жетті. Жекелей сында ол бас жүлдені үндістандық теннисшімен сарапқа салып, 4:1 есебімен басым түсті. Ал жұптық сында Алан Құрманғалиевпен бірге барлық қарсыласын ұтты.

Кирилл Герасименко, ұлттық құрама мүшесі:

- Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтқым келеді. Жарыстың деңгейін көріп, өзіміз аң-таң болдық. Сырт елдердегі бәсекелерге қатысып жүрміз ғой. Біздегі жағдай олардаң асып түспесе, кем емес. Алдағы уақытта дәстүрлі өткізу жоспарда бар. Сәйкесінше оның танымалдығы артып, қатысушылар саны еселенетініне сенімдімін. Ал жарыстың өзі өте тартысты өтті. Қарсыластар шетінен мықты. Ұлттық құраманың үздігі болғандықтан жақсы өнер көрсетуге тырыстым.

Қазақстан Таиланд құрамасымен кездседі. Дәл қазір Литвада футзалдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні топтық кезеңнің соңғы матчтары өтіп, плей-оффқа шыққан командалар белгілі болды. Ұлттық құрама соңғы ойында Венесуэла аяқдопшыларымен жолыққан. Алғашқы голды 5-минутта қазақстандық Дуглас Джуниор соқты. Осы нәтиже ойынның соңына дейін сақталып, ең соңғы минутта қарсыластар таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп 1:1. Қазақстан құрамасы «А» тобындағы бірінші орнын сақтап қалды. Соның арқасында «С» тобында үшінші тұрған Таиланд командасымен жолығады. Матч 23 қыркүйекте өтеді. Ал жарыстың жалпы қорытындысы 3 қазанда белгілі болады. 

Дәурен Нұрғожин, ұлттық құрама мүшесі:

- Соңғы матч қиын болды. Әр қателік голға айналуы мүмкін. Сондықтан аса сақ ойнадық. Біраз мүмкіндігімізді мүлт жібердік. Соның кесірінен жеңіске жете алмадық. Ойын алдында «топтың үздігі атану керек» деген мақсат қойылды. Соған қол жеткіздік. Венесуэламен ұпайымыз тең болғанмен қосымша көрсеткіштер бойынша жоғары тұрмыз. Енді осы қарқынды жоғалтпай, алдағы ойындарда жақсы өнер көрсету керек.