Astana Open ATP 250: жерлестеріміз ширек финалға шықты

Дәл қазір елордада теннистен халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұптық сында ел намысын Андрей Голубев пен Александр Недовесов қорғаған. Олар алғашқы айналымда австралиялық спортшылармен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 7:6, 6:2. Ал кездесудің өзі бір жарым сағатқа созылды. Енді қазақстандық жұп келесі кезеңде Франция және Монако тенисшілерімен кездеседі. Ал жекелей сында жолымыз болмады. Қазақстандық Дмитрий Попко алғашқы айналымда австриялық Джон Миллманға есе жіберді. Қорытынды есеп: 6-3, 1-6, 4-6. Елордадағы жарыс 2 қазанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, турнир көрермендердің қатысуымен өтіп жатыр.  

ҚҰРЛЫҚТЫҚ ХОККЕЙ ЛИГАСЫ

«Барыс» есе жіберді. Құрлықтық лига аясында елордалық клуб өз алаңында Мәскеудің «ЦСКА»-сын қабылдады.

Айта кетейік, қос клуб бір апта бұрын Ресей астанасында жолығып, қазақстандық команда жеңіске жеткен еді. Қарымта мачты да «Барыс» белсенді бастады. 11-ші минутта Никита Михаилис есеп ашты және бұл нәтиже екінші кезең соңына дейін сақталды. Қонақтар 54-ші минутта ғана таразы басын теңестірді. Негізгі ойын уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ал қосымша уақытта ЦСКА сапындағы Константин Окулов дубльдің авторы атанып, өз командсына жеңіс сыйлады. Осылайша ЦСКА өз конференциясының  бірінші сатысына көтерілді. Ал «Барыс» 8 ойыннан кейін 6 ұпаймен 8-ші орында тұр. Енді Юрий Михаилис баптайтын жігіттер «Сібір» хоккей клубымен кездеседі.

Матч 25-ші қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ СПОРТШЫЛАР СПАРТАКИАДАСЫ

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар Шымкентте бас қосты. Олар республикалық спартакиада аясында өзара мықтыны анықтап жатыр. Бас-аяғы 300-ден аса қатысушы 5 спорт түрінен сынға түседі. Жарыстың алғашқы күні дойбы және шахмат бәсекелері басталды. Дойбы 7 турдан тұрады. Оған 17 өңірден 80-нен аса спортшы қатысады.

Ал шахматта 16 өңірден келген спортшылар бақ сынайды. Жарыста көру қабілеті нашар және тірек-қимыл аппараты зақымданғандар үшін бөлек топ құрылған.

Сонымен қатар тоғызқұмалақтан 15 өңірдің өкілі сынға түседі.

Ал спорттық мерекенің сәніне айналған арбада отырып билеу сайысы комби еркін, комби еуропалық, комби латина, комби фристайл, дуо латина, дуо фристайл және сингл фристайл сынды 10 номинация бойынша ұйымдастырылады. Оған 50-ден астам спортшы қатысады.

Бұған қоса, бүгін паракаратэден іріктеу сындары өтеді.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың республикалық спартакиадасы осымен 6-шы мәрте ұйымдастырылып тұр.