Боснияда футбол жанкүйерлері көлікті өртеп, төрешіге шабуыл жасады

Футболдан Босния және Герцеговина чемпионатының оныншы турында «Вележ» өз алаңында «Борацтан» 0:2 есебімен ұтылып, кездесу 82-минутта аяқталды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Матч аяқталмай жатып, алаңға ашулы жанкүйерлер жүгіріп шығып, төбелес ұйымдастырған.

Ойыннан кейін жанкүйерлер көліктерді өртеп, төрешілер мен инспекторды қуып жетіп, оған от лақтырған, адамдарға таяқпен шабуыл жасаған. Салдарынан көлік өртенді, инспектор ауруханаға түсті, ал полиция қылмыскерлерді іздестіруде.

Тәртіпсіздік нәтижесінде Босния және Герцеговина футбол қауымдастығы «Вележге» автоматты жеңіліс және ірі айыппұл салды. Алаңнан алты ойыншы қуылды. Ал «Вележ» басшысы Хасич екі жылға жұмысынан шеттетілді.