Биатлоннан Бейжің олимпиадасына іріктеу кезеңіне өзгеріс енгізілді

Қысқы маусым жақындаған сайын Бейжің олимпиадасының да қарасы көріне бастайды. Себебі төртжылдық додасына іріктеу турнирлері алдағы маусымнан бастап күшейтілген режиммен өткізіледі.

Көптеген спорт түрлерінде іріктеу кезеңдері өзгеріске ұшырады. Оған себеп – коронавирусты инфекцияның таралуы екені айдан анық. Осы орайда Olympic.kz биатлоннан Олимпиада квотасы қалай үлестірілетінін талдап көрді.

Былтырғы маусым басталарда биатлоннан Бейжің олимпиадасына іріктеу турнирінде өзгеріс болатыны анықталды. Атап айтсақ, Олимпиада квотасы бұрынғыдай Ұлттар кубогының қорытындысы бойынша берілмейді. Жолдама үлестіру үшін арнайы олимпиадалық рейтинг құрылады.

Коронавирусты инфекцияға байланысты әлемдегі жағдайды ескере отырып, ұйымдастырушылар іріктеу бәсекелерін 16 қаңтарға дейін созды. Демек, Бейжіңге баратын командалар мен спортшылар Олимпиаданың басталуына үш апта қалғанда толық анықталады.

2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында биатлоннан берілетін жолдаманы үлестіруде әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы үлкен роль атқарған. Бейжің қарсаңындағы жүйенің де төрт жыл бұрынғы ірктеуден айтарлықтай ерекше болмауы тиіс еді. Бірақ ковид көптеген салаға өзінің салқынын тигізді. Карантинге байланысты көптеген командалар әлем кубогі кезеңдеріне толық қатысу мүмкіндігін ала алмай отыр. Бұл қорытындысы есепке үлкен өзгеріс әкеледі. Сол себепті, ұйымдастырушылар Олимпиада жолдамасын басқа жолмен сарапқа салуды ұйғарды.

Ұлттан кубогінің бұл жолғы ықпалы көп болмаса да, олимпиадалық рейтингті түзер кезде кубоктік кезеңдерде жиған ұпайлар есепке алынады. Аталған рейтингте жиған команданың ұпайына спринтерлік жарыстардағы ең жоғарғы алты нәтиже, эстафетадағы үздік үш нәтиже, жекелей сын, аралас эстафета және супермикстегі үздік бір көрсеткіш енеді. Айта кетелік, 2020 жылдың 28 қарашасында басталған іріктеу бәсекелері 2022 жылдың 16 қаңтарында аяқталады.

Жалпы алғанда, орындарды бөлу ережесі өзгерген жоқ. Олимпиадалық рейтингтегі үздік үш команда төртжылдық додасына алты спортшысын жібере алады. Рейтингте төрт пен оныншы орын аралығында тұрған командалар бес квотаға үміткер болмақ. Оныншы орыннан төмен  тұрған он команданың да эстафетада бақ сынауға мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, әзірге қазақстандық биатлоншыларда төрт квота бар. Рейтингілік әлем кубогі кезеңі биылғы маусымда Швецияның Эстерсунд қаласында басталады. 27-28 қараша әлем кубогінің биылғы маусымдағы бірінші кезеңі өтпек. Ал Олимпиада қарсаңындағы шешуші кезең 12-16 қаңтар аралығында Германияның Рупольдинг қаласында ұйымдастырылады. Осы аралықта биатлоншылар әлем кубогінің алты кезеңінде бақ сынамақ.