Жанкүйерлер «Атырау» футбол клубы басшылығының отставкаға кетуін талап етіп отыр

Атырауда футбол жанкүйерлері наразылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «Атырау» футбол клубы басшылығының отставкаға кетуін талап етіп отыр.

«Сәтсіздікке жиі ұшырайтын команданың ойынына басшылық кінәлі», - дейді жергілікті жұрт.

«Атырау» футбол клубы құрылғалы жанкүйер боп келе жатқан жандар команданың қазіргі ойынына наразы. Тіпті биылғы маусымда соңғы орындарда қалған. Жанкүйерлер басшылық құрамның қызметтен кетуін талап етіп отыр.

Мұрат Әбдіров, жанкүйер:

- Соңғы 5-6 жылда футболымыз құрып бара жатыр. Сезон басталғанда футбол басшылығы кубок аламыз, бірінші алтылыққа кіреміз деген уәде берген. Бюджеттің ақшасы, бәленбай миллиард сұраусыз қала ма? Бюджеттің ақшасы бөлініп жатыр.

Жалғас Күзембаев, жанкүйер:

- Командада ауызбіршілік жоқ. Жергілікті балалар ойнамайды. Кеше тоғыз-сегіз лигонер ойнайды. Біз 1 млрд 200 млн-мен 10-орында келе жатырмыз. Көрдіңіз бе салыстырып? Біз қанша қалып бара жатырмыз? Біздің ақшамыз далаға кетіп жатыр.

«Атырау» футбол командасының жеңілісіне ашулы жанкүйерлер «өтініш айтып бармаған жер, баспаған тау қалмады» дейді. Тіпті Мемлекет басшысына да хат жолдаған көрінеді. Ал, басшылық құрам жанкүйерлердің пікірімен келіспейді.

Қонысбай Шпанов, «Атырау» ФК директоры:

- Бұл тек 1-2 адамның ғана пікірі деп есептеймін. Кешегі ойынмен қарасақ, дым ойын жоқ деп айтып жатыр, Атырауда результат жоқ, команда нашар дейді. Ал, мен бұған келіспеймін. Өйткені солай айтқан адамдармен өздерімен кездескен кезде олар өздері стадионға келіп, ойын қарамаған адамдар. Олар тек біздің результатты қарайды.

Тәуелсіз футбол сарапшылары клубта тиісті мамандар жоқ деген пікірді алға тартып отыр.

Құлшарап Шомаев, тәуелсіз сарапшы:

- Селекционер-тренер болуы керек. Онсыз болмайды. Сұрыптаушы-тренер ол жыл бойы, әр жерде, әр қалада, тіпті басқа республикаға барып, ұнаған ойыншыларды қарап, соларды шақыруға, соларды жұмылдырып әкелуге бас тренермен жұмыс жасау керек.

«Атырау» командасындағы 28 ойыншының 8-і легионер. Айта кетейік, алда тағы 4 ойын бар. Бақ шаба ма, бап шаба ма, оны уақыт көрсетеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов