Astana Open: Юлия Путинцева жартылай финалға шықты

Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Осы доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған ресейлік Анастасия Гасановамен кездесті. Бірінші сетте Путинцева 6:3 есебімен басымдылық көрсетті. Екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4. Үшінші, шешуші партияда Юлия Путинцева Гасанованы тас-талқан етті - 6:0. Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 2 эйс жасап, 18 брейк-пойнттың сегізін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 4 брейктен аса алмады.

Ю.Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 80-ракеткасы, тағы бір ресейлік Анастасия Потапова немесе одан алты сатыға төмен тұрған швециялық Ребекка Петерсонның біреуімен таласады.