Леонардо Игита: Қалай да жүлдеге ілігуіміз керек

Литвада футзалдан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні Қазақстан мен Португалия арасындағы тартысты ойында біздің құрама есе жіберді. Бірақ жігіттер оңайлықпен берілмеді. Негізгі ойын уақыты тең нәтижемен аяқталды. Матч тағдыры кездесу соңындағы пенальти сериясында анықталды. 

Матч аса тартысты басталды және алғашқы голды жерлестеріміз соқты. Бірақ төреші видеқайталау көмегіне жүгіріп, оны есепке алмады. Ұлттық құрама одан кейін де прессингті жалғастырды. Алайда, қарсылас қақпасының осал тұсын таба алмады. Есепті португалдар ашты. 23 минутта  Анилтон Сезар Пани мергендігімен көзге түсті. Ал қарымта доп ең соңғы минутта соғылды. Авторы – Дәурен Нұрғожин.

Осылайша тең түскен командалар тағы 5 минуттан 2 тайм ойнады. Оның барысында қос тарап бір-бір голан соқты. Амал жоқ, шын мықтыны пенальти сериясында анықтауға тура келді. Бұл жерде Португалия құрамасының жолы болды.

Леонардо Игита, ұлттық құрама мүшесі:

– Футзал жанкүйерлері үшін керемет матч болды. Қос команда да мықты. Екеуі де соңына дейін ойнады. Ешкім аянып қалған жоқ. Мен командаластарымды мақтан тұтамын. Жігіттер жарады. Енді үшінші орын үшін талас бар. Сондықтан басты салбыратуға болмайды. Осы қарқынды жоғалтпай, қалай да жүлдеге ілігуіміз керек.

Енді Рикордо Кака баптайтын жігіттер үшінші орын үшін Бразилия құрамасымен кзедеседі. Соңғысы жартылай финалда Аргентинаға есе жіберді. Аталған матч та аса тартысты өтті және оның тағдыры соңғы секундттарда шешілген. Финалдық кездесулер 3-қазанда өтеді.

Айта кетейік, Бразилия қазір әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. Ал Қазақстан құрамасы жуырда бір саты жоғарылап, 6-шы орынға тұрақтады.

Рикардо Кака, ұлттық құраманың бас бапкері:

– Бразилиямен матч та оңай болмайды. Өйткені, мықты команда.  Біздің ойын стильдеріміз ұқсамайды. Қазір жігіттер сәл демалып, қалыпқа келіп үлгеру керек. Осы ойында біраз күш жұмсадық. Аз уақыт аралығында есті жиып, шешуші сынға дайындаламыз.

Айта кетейік, осының өзі ұлттық құрама үшін тарихи жетістік болып саналады. Өйткені, бұған дейін Қазақстан әлем чемпионатының іріктеу сынынан аса алмай жүрді. Ал бұл жолы Коста-Рика мен Литваны ұтып және Венесуелламен тең түсіп, өз тобының бірінші сатысына жайғасты. Артынша тайландттықтарды жеңіп, ширек финалға шықты. Ал жартылай финал жолдамасына таласта Иран құрамасынан басым түсті.

Авторы: Аслан Қаженов