Б.Ахметов: Соңғы жағдайлар бапкерлерге де, спортшыларға да әсерін тигізуде

Соңғы уақыттары спорттың айналасында дау-дамай көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыздар боксындағы жанжалдан кейін ауыр атлетика төңірегінен шу шықты. Зілтеміршілерді алда әлем біріншілігі мен Азия ойындары күтіп тұр.

Байрақты бәсеке қарсаңында осындай келеңсіздіктер спортшылардың дайындығына кедергісін тигізіп жүрмей ме? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін біздің тілшілер ауыр атлеттердің оқу-жаттығу жиынына арнайы барып қайтқан еді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Ауыр атлеттеріміз қандай жарыс болмасын қоржындары бос қайтып жүрген жоқ. Токио Олимпиадасына барған екі зілтеміршінің екеуі де қола медаль алып қайтты. Көктемде Азия біріншілігінде де Қазақстан құрамасы командалық есепте топ жарған болатын. Енді ұлттық құрама әлем чемпионатына дайындық жүргізіп жатқан тұста ауыр атлетика маңынан шу шықты. Яғни, бапкерлер спортшыларға күн көрсетпейді-мыс. Бұл сөздер қаншалықты шындыққа жанасады? Ол жағы тек ауыр атлетика мамандарына аян.

Нұрғиса Әділетұлы, ауыр атлетикадан Азия чемпионы:

- Қазір әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Өте жоғары деңгейде жаттығу өтіп жатыр. Аллаға шүкір, енді елімізге алтын медальмен оралуға тырысамыз енді.

Aйзада Мүптілда, ауыр атлетикадан спорт шебері:

- Ол кездері ол спошылар болған кезде басқа бапкерлер болды. Қазір басқа. Олар сол өздерінің кезінде болған жайтты айтып жатқан шығар. Қазір ондай олар айтып жатқандай жағдай болып жатқан жоқ бұл жерде. Жарыстарға дайындалып жатқан кезде қазір алдымызда әлем чемпионаты келе жатыр. Соған мысалы кішкене алдында жаттығу да болған кезде әсерлері болды.

Ұлттық құрамадағы қыз-жігіттердің сөзінен ұққанымыз, бәрінің мақсаты – алдағы болатын дүниежүзілік жарыста ел намысын абыроймен қорғау. Дегенмен, ауыр атлетиканың айналасындағы дау-дамайға да бей-жай қарай алмайтындарын айтады. «Спортшы тек зілтемірді ойлау қажет. Мұндай келеңсіздіктер кейде дайындыққа да әсер етеді»,- дейді бапкерлер.

Бақыт Ахметов, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Қараша мен желтоқсан айы біздер үшін жарысқа толы. Алдымен ел біріншілігі өтеді. Одан кейін әлем чемпионаты бар. Кеше ғана Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп келдік. Енді міне, тау етегінде тер төгудеміз. Тыңғылықты жұмыс жасау үшін тыныштық керек. Бірақ соңғы жағдайлар бапкерлерге де, спортшыларға да өз әсерін тигізуде. Иә, спортшыларға талап қатал. Бірақ біреуге қол көтеру немесе біреудің жеке басына тіл тигізу бізде болған емес, болмайды да.

«Желтоқсан айында өтетін әлем чемпионтында көбіне жастарға мүмкіндік береміз. Өйткені Париж Олимпиадасына дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет», - дейді бапкерлер. Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатсақ деп жүрген ауыр атлеттерді дәл қазір алаңдатудың қажеті жоқ. Тек қолдау керек.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев

Сондай-ақ...